Конфессияаралық келісім және діни төзімділікті қамтамасыз ету еліміздің мемлекеттік саясатының басымдығы болып табылады. Шығыс Қазақстан облысында осы бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Рухани келісім күні қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев өңіріміздегі діни бірлестіктер, этномәдени, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, мемлекеттік мекемелер басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен облыс орталығындағы «Алтай» технопаркінде кездесу өткізді.
Кездесу барысында өңір басшысы Б. Сапарбаев: «Ырыс алды – ынтымақ» дегенді тілге тиек ете отырып, Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде көпұлтты және көпконфессиялы елімізде тұрақтылық пен өзара келісім салтанат құрып отырғандығына кеңінен тоқталып өтті.
Өз кезегінде дөңгелек столға қатысушылар да, қай кезде де болмасын бізге бірлік пен татулық ауадай қажет екендігін, сол жолда әр сала өкілдері жауапкершілік жүгін сезінетіндіктерін бірауыздан айтып жеткізді.
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы Асанов дінді мемлекеттен бөлек деп қарамай, керісінше мемлекет пен дін арасын жақындатуға айтарлықтай көңіл бөліп, өз үлесін қосып отырған облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлына кездесуге қатысып отырған дін өкілдері атынан ризашылық сезімін білдірді.
Кездесу соңында өңір басшысы Б. Сапарбаев діни бірлестіктер басшыларын конфессияаралық келісімді және қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Шығыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасы және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Марапатқа ие болғандар арасында мешіт имамдары да бар. Атап айтқанда: Семей қаласындағы бір мұнаралы ағаш мешіттің бас имамы Аллаберген қажы Исмағұлтегі, Риддер қаласындағы «Дінмұхамед Қонаев» атындағы мешіттің бас имамы Мұратжан Исмайлов, Ақсуат ауылындағы «Ұранхай қажы» атындағы мешіттің бас имамы Айдын Жортымовтар облыс әкімінің қолынан Құрмет грамоталарын алды.
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.10.2014
3356
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру