Дін мен Дәстүр
Қазақтың қанына сіңіп, ықылым заманнан адамзат өмірінің ажырамас қасиетіне айналған салт-дәстүр - ұлттың рухани байлығы, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын әлеуметтік және мәдени мұрасы.
Осындай асыл құндылықтарды бойына жиған, әлі де сиясы кеппеген тамаша туындының қазақ еліне таралып, өзін мұсылманмын деп есептейтін әрбір мүминге жол көрсететін кітап – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабі. Кітапта Дін мен Дәстүрдің қалыптасуы, тығыз байланысы жайлы жазылған.
Діннің не екені жалпы халыққа белгілі. Ал, дәстүр дегенді біз қалай түсінеміз? Кітапта осы жайлы мынадай анықтама берілген: «Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе "дәстүр" деп аталса керек. Содан соң "ата-баба дәстүрі", "салт-дәстүр" деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді», - деген.
"Дәстүр" - деген сөздің этимологиясы, бүгінгі тілмен айтқанда, "Конституция" деген мағынаны білдіреді екен. Биылғы жыл «Дін мен Дәстүр сабақтастығын насихаттау жылы» деп белгіленгендіктен, дін мәселелері бойынша ақпараттық-насихат тобы кезекті жұмыс кездесуін Семей қаласындағы Абай кітапханасында «Дін мен дәстүр» тақырыбында өткізді. Кездесуге Семей орталық мешітінің найб имамы Баешов Бекзат педагокикалық институттың студент жастармен кездесіп, жастарға кітаптың мазмұны мен құндылықтарын жете түсіндіріп өтіп, қазақы салт-дәстүрлердің шариғат заңдарымен, Құран Кәрімнің аяттарымен, сахих хадистермен дәлелін тауып, негізделген сабақтастығын түсіндіріп өтті.
Кездесу соңында оқушылар көкейлерінде жүрген салт-дәстүрлерімізге қатысты сұрақтарын қойып, оларға толыққанды жауаптар алды. Жоғары сынып оқушыларына оқытылатын «Дінтану» пәнінің оқулық қорына толықтыру болсын, жас ұрпақтың санасына білім нәрімен бірге ұлттық құндылық - дәстүрді құрметтеу арқылы имандылықтың дәнегі егілсін, деген ниетте «Дін мен дәстүр» кітабы сыйға тартылды. Белгілі бір ұлттың адамзат өркениетінің ортақ өрісіне шығып, дамып жетілуі де, құлдырап төмен кетуі де осы ұлт дәстүрінің сақталуы мен бұзылуына байланысты. Дәстүр бұзылған жерде халықтың халықтығы бұзылады. Ал бұған керісінше, қалыптасқан дәстүрі бұзылмаған елдер халықтық қалпына селкеу түсірмей, өзіндік өмір сүру заңдылықтарын сақтай отырып, ел көшін заман талабына сай жетілдіре дамытып, алға ілгерілей береді. Мұндай елдің іргесі берік, мәртебесі биік болмақ!
Семей орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.10.2014
3467
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру