Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жат ағымнан сақтайық жас буынды

16.10.2014 4355 0 пікір

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қала колледждерінің 1 курс студенттерінің діни сауаттылық деңгейлерін көтеру мақсатында дін қызметкерлерімен кездесу өтті. Аталмыш жиынға «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ-ның Жалпы және жастар ісі бөлімінің басшысы Алтынбек Ұтысханұлы, Орыс православ шіркеуінің өкілі Евгений Корляков және Астана қаласы әкімдігінің дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орыбасары Е.М.Смағұлов қатысты.

Дін мамандары бүгінгі таңда жастардың дінге ден қойғандығы көңіл қуантатынын жеткізді. Әлбетте, бұл – жақсылықтың нышаны. Дегенмен, теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастарымыз да жоқ емес. Осыған негіз болатын бірден-бір фактор ретінде бүгінгі ақпараттық кеңістікте діни мазмұндағы алуан түрлі сайттардың түрлі бағытта жұмыс істеуін, солардың кері әсерін айтуымызға болады.  Дін мәселелерінде жастар қолжетімді дүние – ғаламтор бетін ақтарып, бағыты бұлыңғыр сайттарға кіріп, таза сананы кірлетіп алады. Осылайша, ақ-қараны ажырату оңайға түспей, дәстүрлі діни танымға қарсы келіп жататын тұстары да аз емес.

ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің басшысы Алтынбек Ұтысханұлы студенттерді бүгінгі біліммен бәсекеге түскен ғасырда бағыты бұлыңғыр, танымы тұйық ағымдардан аулақ болуға шақырып, кез келген мәселеде Діни басқарма мамандарынан сұрап, білу керектігін айтты. Ал, елорданың бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жастар ата дініміз бен баба дәстүріне егіз ұғымдай қарау керектігін жеткізді. «Дін – өте нәзік әрі күрделі. Кез келген ақпарат кеңістігіндегі дүниеге көзсіз елітіп, соңынан еруге болмайды. Мемлекетіміздің сан ғасырлар қалыптасқан дәстүрлі дінінен бөлек дүние іздеу – адасудың басы. Сол себепті арнайы дін мамандарына ғана құлақ түріп, ресми бекітілген сайттардан ғана дұрыс ақпаратқа қол жеткізуге болады» деді өкіл имам өз сөзінде.

Осы орайда ел тұтастығы мен халық  бірлігіне сызат түсірмеу үшін бірден бір дұрыс шешім – жастар арасында дәстүрлі дінді насихаттауға бағытталған бүгінгідей кездесулерді көбірек ұйымдастырып, жас буынмен қоян-қолтық араласып тұру. Ал осы тұрпаттағы шаралар әрбір жастың  діни таным-түйсігін арттырып, өмірге деген дұрыс көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етеді. 

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру