Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақсақалдар алқасы қаузаған тақырып - қайырымдылық

15.10.2014 4390 0 пікір

Жексенбінің жаймашуақ кешінде елордамызда Ақсақалдар кеңесінің кезекті 3-ші отырысы өтті. Келелі кеңесте асыл дін төңірегіндегі ойларымен бөліскен ел азаматтары бүгінгі таңдағы түйткілді мәселелерге тоқтала өтті.

Естеріңізде болса, биылғы көктемде елорданың бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы елге сыйлы, қоғамда орны бар мемлекет және мәдениет қайраткерлері мен халық қалаулыларының басын қосып, Ақсақалдар алқасын құрған еді. Кеңестің қаузайтын негізгі мәселелері бас имам Наурызбай Тағанұлы айтып кеткендей, елдегі діни тұрақтылық, тағаттылық, жастарды жат ағым жетегінен сақтау, ата дініміз бен баба дәстүрімізге қайшы көзқарас ұстанатын, қоғамға түрлі ылаң салып жүрген теріс пиғылды ағымдармен даналық жолымен күресіп, мүфтият төңірегіне топтасуға күш салу, уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру, жұртшылықты ізгілікке, бірлік пен ынтымаққа шақыру, қайырымдылық шараларын жиі өткізу, т.б.

Бас имамның игі бастамасына қолдау білдірген халық қалаулыларының бірауыздан келісімімен төрағалыққа сайланған академик, филос.ғ.д., профессор Ғарифолла Есім өткізген жексенбілік жиынға Оралбай Әбдікәрім, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Орынбай Рахманбердиев, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсын Ғабиденұлы сынды қайраткерлер қатысты.

Басқосу барысында алқа мүшелері елорадағы дін ахуалына кеңінен тоқталып, бірқатар мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Бұл кеште қайырымдылық шараларына басымдық берген төраға өткен рамазан айында және құрбан айт мерекесінде жасалған қайырымдылық жұмыстары жайлы әңгіме өрбітті.

Өткен рамазан айында отыз күн бойына қала мешіттерінде 200-400 адамға арналған ауызашар дастарханын жайылып, бірқатар қайырымдылық істері жасалды. Көңілі кемшін мұқтаж отбасыларға арналған ауқымды акциялар бүгінде елорда мешіттерінде белгілі бір аймен шектелмейтін, жыл бойы  атқарылатын шаралар. Соның бір парасы ретінде, осы күзде ғана аяқталған республикалық «Мектепке жол» акциясын атауымызға болады. Ондағы мақсат, жаңа оқу жылына оқушылардың бірінен екіншісінің қалыс қалмай, мектеп табалдырығына именбей аттауына, білім алуына жағдай жасау. Жыл сайын Елбасымыздың жолдауында  ерекше аталатын әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі төмен жандарға жәрдемдесу, отбасы бірлігі, ел ынтымағын сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру секілді игі істер бас қаланың мешіттерінде бүгінде қалыптасқан үрдіс. Ал, «Отан – отбасыдан басталады» деген бабалар ұстанымын ескерер болсақ, республикалық көлемде алғаш аталып өтіле бастаған «Отбасы күні» мерекесіне орай «Нұр Астана» орталық мешітінде «Мерейлі отбасы» атты игі шара өткен болатын.

Сонымен қатар, күні кеше өткен Құрбан айт мерекесінде ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігі, «Нұр Астана» мешітінің ұйымдастыруымен қала бойынша 14-ке жуық игі шаралар өткізілді. Ауқымды акция аясында қала әкімдігімен бірлесе отырып, әл-ауқаты төмен отбасыларға құрбандық еттері, азық-түліктер таратылып, түрлі бағытта жұмыстар жүргізілді.

Осы сынды сауапты істердің ауқымына көңіл бірлеген алқа мүшелері Астананың діни ахуалына оң баға беріп, ізгі істердің үзілмеуін тіледі. Ал, өз кезегінде елордалық бас имам Наурызбай қажы мұсылман жұртшылығы үшін мүбәрак мерекелерде игі шаралар легі артатынын, ал оның жалғасы жыл бойына үзілместен жүргізілетінін атап өтті. «Бұл шаралардың барлығы да елдің бірлігін, ынтымағын, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жүргізілуде. Діни басқармамыз көрсеткен негізгі бағыт-бағдар да осыған үндейді. Ал асыл дініміздің негізгі үкімі де осы. Бір-бірімізге қамқор болу, мейірімділік таныту, бауырмашылдықты күшейту – біздің һәм баршамыздың негізгі міндетіміз болуы керек» деп сөзін түйіндеді өкіл имам.  

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру