Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас имам мұсылмандарды жалпы қалалық сенбілікке қатысуға шақырады

10.10.2014 3753 0 пікір

11 қазан айына жоспарланған жалпы қалалық сенбілік аясында, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек Есмағанбет, мұсылмандарды қаламыздың көшелері, мешітері, зираттары, балалар және қарттар үйлері сынды нысандарының аулалары мен айналасын тазалауға ат салысуға шақырады.

Имам «Тазалық – иманның бір бөлігі» деген хадисті басшылыққа ала отырып, мұсылмандарға осындай іс-шаралардың алдыңғы қатарынан табылып, тазалық арқылы Алланың разылығына талпынып, айналасына үлгі болуымен Исламға шақыру керектігін естеріне салуда.

Осыған орай, Алматы қаласы Алатау, Алмалы, Бостандық, Әуезов, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарының имамдарына, бекітілген аумақтарындағы мешіттердің айналасын, сонымен қатар төмендегі зираттардың ауласына тазарту жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды:

1. «Алмабақ» зираты, Мустафин мен Дулати көшелерінің қиылысы (Бостандық ауданы);
2. Ақжар ауылының зираты (Наурызбай ауданы);
3. Қарағайлы ауылының зираты (Наурызбай ауданы);
4. Қайрат ауылының зираты (Түрксіб ауданы);
5. «Маяк» зираты, Алматы әуежайы жолының бойы (Түрксіб ауданы).

Сонымен қатар, тізімге Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан Ардагерлер Үйі мен Орталық мешіттің маңайындағы мүмкіншіліктері шектелген балаларға арналған Түзету орталығы да кірді.

Сенбілікке қатысам деушілер өз аудандарындағы мешіттерге күндізгі сағат 10:00-де жиналулары керек, сол жерден арнайы дайындалған автобустармен белгіленген нысандарға жеткізіледі.

Мұсылман бауырларымыз жауапкершілік танытып, қаламыздың тазалығына үлестерін қосады деген сенімдеміз. Мұсылман адамның айналасы таза болуы керек, себебі тазалық – иманымыздың бір бөлігі. Жоспарланып отырған сенбілік өз иманымызды тәжірибеде көрсетудің керемет мүмкіндігі екені сөзсіз.
Алматы Орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру