Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көркем жазу тәнті етті көпшілікті

09.10.2014 5000 0 пікір

Хуснихат өнерімен танысу

Мұсылман қауымының құрметті мерекесі – Құрбан айтына орай «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен Ханшатыр ойын-сауық орталығында «Құрбан айт – құтты мереке» атты мерекелік кеші өткізіліп, онда әртүрлі концерттік қойылымдар, бүлдіршіндерге арналған түрлі ойын-сауықтық шаралары болған еді.

Сол дүбірлі кеште бүлдіршіндер мен жиылған жұртшылықтың таңдайын қақтырған көріністердің бірі – каллиграф Асылбек Байұзақұлының көркем жазу үлгісінде тамаша тартулары болды. Алматы қаласынан арнайы ат басын бұрған Асылбек хаттат (каллиграф) елорда төрінде өзінің көркем туындыларымен көпшілікті тәнті еткен еді сол кеште.

Ислам мәдениетіндегі сұлулықтың бірі – хуснихат (каллиграфия) өнері. Бұл өнер мұсылман әлемінде кең етек жайып дамыған. Ал Ислам каллиграфиясының ерекшелігіне қысқаша тоқталатын болсақ, біріншіден, онда түрлі-түсті түр-сипат бар. Жазулардың түрлері – сулус, куфий, руқға, фарсий, диуани болып бөлінеді. Жазу суреттердің сұлулығын арабша хат танымайтын адамдар да сезе алады. Екіншіден, Ислам каллиграфиясында, түр-сипаттан өзге, қирағат, яғни оқу бар. Жазуларды көрген адам оған назар салып оқиды. Оның түріне сүйсінген кісі оны өзі оқу арқылы сұлулықты одан ары сезіне түседі. Үшіншіден, жазу суреттерде дауыс та бар. Яғни, оны оқу арқылы дауыс шығады. Ондағы жазылған жазуды көзімен көріп, дауыстап оқып, әуезді сұлулықты сезінуге болады. Төртіншіден, бұл көркем өнердің ең маңыздысы,  мұнда мән-мағына бар. Мағына болғанда да қандай мағына десеңізші. Ол қасиетті Құран аяттары мен пайғамбар өсиеттерінің мағынасы және ғалымдардың хикметті де ғибратты сөздері. Міне, Ислам каллиграфиясының өнер әлеміндегі артықшылығы да осы.  Каллиграфия оқуға қолайлылықты ғана емес, сонымен қатар хатқа графикалық, эмоционалды бейнелі ұғым беруді көздейді.

Мысыр елінде  хуснихат өнерінің қыр-сырын меңгерген Асылбек хаттат бүгінде Түркияда білімін жалғастыруда. Сонымен қатар Алматы қаласындағы "Әбу Ханифа" медресесінде ұстаздық етіп жүрген каллиграф кеше кешкілік «Нұр Астана» мешіті жамағатымен кездесу өткізіп, онда жұртшылыққа өз қолтаңбаларын таныстырды. Құрбан айтының құрметіне Астанаға арнайы ат басын бұрған  өнер иесі кешегі кеште ислам каллиграфиясының тарихы, оның түрлері, қолданылатын құралдар мен тағы басқа қызықты мәліметтерімен бөлісті. Сондай-ақ, арабша көркем жазудың 6 түрін жамағатқа таныстырып, хат өнерінің қыр-сырын түсіндірді.

Әсемдікке құштарлықты, шыдамдылық пен ұшқыр қиялды қажет ететін сұлу өнерді жанына серік еткен Асылбек Байұзақұлы  – еліміздегі бірегей ислам каллиграфы. Қазақ жерінде кенжелеп тұрған тың өнерді меңгеріп, елдегі дін қызметіне айтарлықтай үлес қосып жүрген ол «Нұр Мүбәрак» ислам мәдениеті университетін "Исламтану" мамандығы бойынша тәмамдаған. Түркияның Ыстамбұл қаласында Хат өнері (Ислам каллиграфиясы) бойынша білімін шыңдап, ижаза алған. Еліміздегі бірнеше облыстар мен аудан мешіттеріндегі көркем жазулардың авторы. Соңғы қолтаңбалары жуырда ғана елордамызда ашылған «Әлжан ана» мешітінің мінбер, михрабтарында бейнеленген.   

Төлеби ОСПАН

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру