Атырау облыстық Дін істері басқармасының ұйытқы болуымен қазанның 8-күні Индер ауданында «Ислам – фанатизмге қарсы» атты аудандық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш шараға Индер ауданының әкімі Серік Арыстан, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, кафедра меңгерушісі Бекежан Өмірбек және аудан халқы қатысты.
Конференцияда қонақтар тарапынан тақырып аясында баяндамалар жасалды. «Мейірім діні қаттылықты қаламайды» деген тақырыпта баяндама жасаған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы: «Дін дегеніміз ұстараның жүзіндей нәзік нәрсе. Ол шектен шығып қатыгездік жасауды немесе өзім білемдікке салынып бұра тартуды қаламайды. Өйткені, дін «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегенге көнбейді. Асылында дін дұрыс ұстанса қасиетке, теріс пайдаланса қасіретке апарып соғары ақиқат. Соның бір айғағы бүгінгі күні дін ұстандым деп қаттылыққа бет алған кейбір қандастар өзіне де, дін атына да күйесін жағуда.
Дінді қатты ұстап, фанаттыққа жол алу мұның барлығы сол білімсіздіктің кесірі. Расында қазіргі жастардың көпшілігі интернет желілері арқылы ислам жайлы мағлұматтарды өз бетінше алып, өзіміздің қоғамда сәйкес келмейтін өзгеше пәтуаларды ұстанып келеді. Ақырында қазақ халқының дәстүрлі діни түсінігін «бидғат» немесе «ширк» деп жүріп адасқанын білмей жатады», - дей келе мейрімділікке жетелейтін асыл діннің ешқашан қаттылықты қаламайтындығын, керісінше күллі адамзатты жақсылыққа, қай қоғамды болмасын бірлікке үндейтіндігін атады.
Бүгінгі күннің өзегіне айналған діни фанатизм мәселесі осы конференцияда егжей-тегжейлі көтерілді. Дінде орта жолды ұстану керектігі айтылып, қаттылықтың түбі бөлінушілікке, алауыздыққа соқтыратындығы сөз етілді.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.10.2014
3214
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру