Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Медреседе алғашқы дәріс өтті

09.10.2014 3588 0 пікір

Естеріңізде болса, өткен айдың соңында Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешіті жамағат арасында діни сауаттылықты жетілдіру мақсатында екі айлық кешкі діни сауат ашу курсын қолға алған болатын.

Осы бастаманың жалғасы ретінде Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітіне қарасты медреседе 7-қазаннан бастап және бір топ тәлімгерлер үшін дәріс жүргізу жұмысы басталды. Бұл күндізгі курс ауыл имамдарының білімін жетілдіру мақсатында қолға алынған-ды.  

Екі айлық білім жетілдіру курсына бүгінгі күні Атырау облысына қарасты 20 ауыл имамы қабылданды. Алдағы уақытта оларға білікті дінтанушы ұстаздар мен тәжірибелі имамдар дәріс оқитын болады.

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы білімге ниет қойған ауыл имамдарымен кездесу өткізді. Сондай-ақ, имамдарға алғашқы дәріс оқыған өңірдің бас имамы курстың мақсатына тоқталып, діни сауаттылықтың қашан да жоғары бағаланатындығын жеткізді.

Әрине, аталған курста имамдар ең алдымен өздерінің тілін сындырып, Құранды дұрыс оқуға мүмкіндік алса, екіншіден ислам ғибадаты; ислам әдебі; сияр (Пайғамбар өмір баяны) секілді дәрістер оқып қана қоймай айналада туындап жатқан түрлі шариғи мәселелерге қатысты сауалдарға жауаптанатын болады.

Айта кетейік, білім алуға ниет еткен тәлімгерлерге барлық жағдай жасалып, үш мезгіл тамақ, жатын орын, тегін оқулықпен қамтамасыз етілген.

"Иманғали" орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру