Ұлық мереке Құрбан айт мерекесіне орай Риддер қаласында жаңа мешіт бой көтерді. Осы қалада 228 жыл бойы мешіт болмаған Риддер қаласына павлодарлық кәсіпкерлер Арбиев Елтай мен інілері 2010 жылы жаңа мешіт құрылысын бастаған болатын. Ол құрылыстың салынуына басшылықты мешіттің ашылуына дейін жете алмай қайтыс болып кеткен бөлелері Абиманов Кентай Самарханұлы жүргізді. Сонымен бірге Риддер қаласының имамы Исмаилов Мұратжан да мешіт құрылысы жұмысын ұйымдастыруға бар күш-жігерін аямады. Мешіттің құрылысына өз үлестерін қосуға «КазЦинк» мекемесі мен жергілікті кәсіпкерлер де аянбады.
Мешіт ішінде бір мезгілде бес жүз адам намаз оқи алады. Діни рәсімдер өткізетін бөлмелері, дәрісхана, мешіт қызметкерлеріне арналған бөлмелер және астыңғы қабатында асхана ашылады. Сырт жағында дәрет алатын орын салынған. Құрылысты аяқтауға жетпіс миллионнан астам қаражат жұмсалған.
Қасиетті Құрбан айт қарсаңында мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстың өкіл имамы Нұрлан қажы Асанов, Алматы қаласындағы «Әбу Ханифа» медресесінің директоры, мешіт салушы жігіттердің рухани ұстазы Құлмұхаммед Маханбетов, Риддер қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы Дүйсенбай қажы Подкулдинов, Риддер қаласы православ шіркеуінің басшысы Игорь де қатысып сөз сөйледі. Жаңа ашылған мешітке Дінмұхамед Қонаев атамыздың аты берілді. Өмірлік жолын осы қалада бастаған атамыздың жазғы қонақ үйі осы күнге дейін мешіт болып келді. Артқа бір шегініс жасасақ, Алла нәсіп етіп 2005-2006 арасында алты ай осы қалада имамдық қызмет атқарып, сол кездегі мүфтиіміз Әбсаттар қажыға халық атынан хат жазып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қала әкіміне өтініш білдіріп, қала әкімі Шәкәрім Бұқтұғұтов осы мешіт салынған бір гектар жерді мешіт құрылысына бөлген еді. Халық құрмет тұтар осындай атамыздың атына мешіттің ашылуына аз да болса үлес қосқаным үшін Жаратқанға шүкір етіп, қуанышпен еске аламын.
Рухани жағымыз түзелсе ғана, ел жағдайы түзелері анық. Мешіттің көркеюі үшін үш таған – имам, жамағат, мешіт керек. Бірінсіз-бірі болмайды. Осындай қасиетті күндері ашылған мешітіміз жамағаты көп «тірі мешітке» айналып, болашағы баянды болғай!
Қабдолда Қуат
исламтанушы, магистр
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
08.10.2014
4248
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру