Тағдыр пенденің пешенесіне сан қилы сынақты салады. Біреу тоқшылықта сыналса, енді біріміз таршылықта сыналамыз. Бұл өмірдегі мақсат байлықта шалқып-тасып күн кешу де, жоқшылықтың қамытын кию де емес. Мақсат – өз биігімізде қалу, адам деген ардақты атқа лайықты тірлік кешу.
Өмірдің қилы соқпақтарын кешкен жандар мешіт маңайлап, асыл діннің аманатын арқалаған жандардан үміт күтетіні жасырын емес. Дін ислам белгілі бір ұлттың не қара көз қазақ халқының игілігі үшін емес, күллі адамзатқа түсірілгені әмбеге аян. Кешегі өткен құрбан айт мерекесінде атқарылған қайырымдылық шараларының ауқымына қарап осы сөзіміздің дәлелін тапқандаймыз. Елорданың өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлерінің алған бағыты да адам аяғы баса қоймайтын, көңілге сүреңсіз күй сыйлайтын, жұпыны тірлік кешкен шаңырақ еді.
Шаңырақ деген сөз де қисынға келмес. Былтырғы ақпанның сарышұнақ аязында баспанасы қызыл жалынға оранып, күйсіздің күнін кешкен орыс кемпірі мен қызы, үш бірдей бүлдіршін бүгінде күйі кеткен вагонды паналауға мәжбүр күйде.
Иә, бұл отбасыда азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек, балалардың мектепке қажетті құрал-саймандары да жоқ. Дегенмен, қиюы қашқан, саңылауы мен жамауы көп ағаш вагоннан тапқан дертке шипа – дәрі-дәрмек бәрінен маңыздырақ екені айтпаса да түсінікті. Ал сегіз жасар Дима, төртке шыққан Артем мен екі жылды артқа тастаған Маша күн сайын анасының табатын тиын-тебеніне алынған екі бөлке нан мен қара шайды талғажау етіп келеді. Қасиетті Құрбан айтында өкіл имам Наурызбай қажы осы отбасының көңілдеріне демеу болып, жандарына жылу сыйлауды көздеп, арнайы ат басын бұрды.
Бас имам әлеуметтік тұрмыс-ахуалы төмен отбасыларға қарайласуды, материалдық һәм рухани азық беруді мешіт қызметкерлерінің негізгі міндеті деп санайтындығын жеткізді. «Қазақ халқы көршісі аш отырып түтін түтетіп, қазан көтермеген халық. Бір-бірімізге деген қамқорлық, мейірім тек белгілі бір күндермен, мерекемен шектелмеуі тиіс. Қамкөңіл отбасылардың жай-күйі біздің, мешіттің назарынан тыс қалмақ емес. Бәріміз де осы қоғамның ортасында болғандықтан, өзгенің өміріне бей-жай қарау, ислам шариғаты ғана емес, жалпы адами болмысымызға да жат» деп, Наурызбай қажы мешіт атынан ақшалай көмек, азық-түлік пен өзге де тұрмысқа қажетті заттарды табыстады. Қасиетті құрбан айтында шалынған құрбандық малынан бұл отбасыға да ет жеткізілді. Дін қызметкерлерінің көрсеткен қамқорлығы мен ілтипатына риза болған әжей өз ықылас-ниетін білдіріп, алғысын айтты. Бас имам бұл шаңыраққа алдағы уақытта үй-жайының қыстан амалдап шығуы үшін де қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, қарайласатынын жеткізді.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
08.10.2014
3390
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру