Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Степногорск қаласындағы Құрбан айт мерекесі

08.10.2014 3662 0 пікір

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының шешімімен 2014 жыл «Дін және дәстүр» жылы деп жарияланған еді. Осы игілікті іс шараның шеңберінде өлкелерде халықтың салт-дәстүрін дәріптеп, дәстүрлі дінімізді насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Осыған орай Степногорск қаласының Паң Нұрмағамбет мешіті Құрбан айт мерекесін ұлттық нақышпен айшықтай отырып, ерекше атап өтті.

Құрбан айт мерекесі Мұсылман жамағатының ең ұлық меркелерінің бірі. Бұл мерекенің басты ерекшелігі мен құлшылығы Құрбандық шалу. Алланың разылығы үшін шалынған құрбандық малының еттерін ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім-жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратып, сауапты іс жасау мерекенің мәнін айшықтай түседі. Аз қамтылған және жағдайы нашар 86 отбасыларына құрбандық еті таратылды. Қалада орналасқан екі түзету мекемесіне екі қой берілді.

Қаладағы № 4 Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесу өткізіліп, балаларға мерекелік дастархан жасалды. Мүгедек балаларға арналған оңалту орталығында балалармен кездесу жасалды және мерекелік концерті ұйымдастырылып, мерекелік сияпат жасалды.  

Қала тұрғындары мерекенің екінші күні Спорт сарайында ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарыстарға қатысып, тамашалады. «Паң Нұрмағамбет» мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит мерекелік шаралар мен жарысты тамашалауға келген халықты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, Қасиетті Құрбан айт мерекесі және асыл дініміздің құндылықтары жайлы уағыз айтты. «Дін және дәстүр» жылы аясында өткізіліп жатқан жұмыстардың ел бірлігі үшін, халықтың рухани және дүнияуи байлығы үшін тигізетін ықпалының зор екенін, сондай-ақ ел бірлігін сақтап, мемлекеттің дамуына үлес қосу әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.

Қазақша күрестен өткізілген жарысқа 40 палуан үш салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасып, жеңімпаздарды анықтады. Сонымен қатар Тоғызқұмалақтан өткізілген жарыста мектеп оқушылары үздік шықты. Жарысқа жалпы төрелік еткен Бөгембай батыр атындағы Спортта дарынды балалардың облыстық мектеп интернатының директоры Т.Тоққұжинов Қасиетті мерекеге орай ұйымдастырылған шаралардың бұқаралық спортты дамытуда маңызды роль атқаратынын атап өтті.          

Осы күні «Горняк» Мәдениет үйінде белгілі әнші Сержанәлі Әлібек мерекеге орай қала халқына тегін концерт берді. Құрбан айтқа арнайы келген ҚМДБ Жалпы бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы қала жамағаты алдында мерекенің, жалпы ислам дінінің құндылықтары жөнінде салиқалы сөз қозғап, халықты мерекемен құттықтады. Концерт барысында спорттық жарыстардың жеңімпаздары марапатталды.

Құрбан айттың үшінші күні қаланың қарияларына арналып ас берілді, дастархан басындағы күмбірлеген күй мен әуезді ән қарттарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру