Құрбан айт намазына Аякөз халқы таң сәріден жиналды. Айт намазының алдында қалалық мешіттің наиб имамы Дәулет қажы Қинаятұлы Құрбан айттың артықшылығы жайында уағыз - насихат айтқаннан кейін, мешіттің бас имамы Маратхан қажы Мұхтарханұлы және де Аякөз ауданының әкімі Нұрбол Жолдаспекұлы қала халқын әлем мұсылмандарының ұлық мерекесі қасиетті құрбан айтпен құттықтады. Айт намазынан кейін жиналған көпшілік өзара айт мерекесімен құттықтасып, мешіт ауласында айтқа арнайы әзірленген дәмнен ауыз тиіп жатты.
Құрбан айт адамдарды мейірімділікке, өзара татулық пен бірлікке жетелеп, қайырымдылыққа үйрететін мереке. Пайғамбарымыз айт намазынан шығып, балаларды әкелері түйелеріне отырғызып, ойнатып жүргендерді көріп, осыған қарап жылап отырған жетім балаға тап болып, жетімді түйе орнына өз желкесіне отырғызып, оны ойнатқандығын баршамыз хадистен жақсы білеміз. Адамзат сардарының осынау сүннетін жанғырту мақсатында, Аякөз қалалық мешітінің бас имамының бастамасы, аудан әкімінің қолдауы, әрі мешіттің жастар бөлімінің ат салысуымен жағдайы төмен отбасынан шыққан, қырық баланы автокөліктермен қаланы аралатып, саябақтарға қыдыртты. Соңынан жергілікті демеуші азаматтардың көмек қолын созуы арқылы әр балаға айттық сыйлық ретінде түрлі тәттілер мен мектепке қажетті оқу құралдары таратылды. «Құрбан айт мерекесі құтты болсын» деген жазулы көліктердің көшелерді аралап жүргенін көрген қала халқы да таңданыстарын жасыралмай, өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Бас имам осындай көлемді іс шараға қол үшін берген барша азаматтарға рахметін айтып, алғыс хат табыс етті. Аудан әкімі Нұрбол Жолдаспекұлы алдағы аптада осы игі бастама жалғасын тауып бүлдіршіндерімізді облыс орталығының әсем де келбетті жерлеріне қыдыртып апарамыз деп уәде берді.
Құрбандық малдары белгіленген үш орында шалынып, тізім бойынша жағдайы төмен отбасыларына таратылды.
Айттың екінші күні бөлек мешіттегі шәкірт бүлдіршіндерге арналған «Құрбан айт құтты болсын!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекелік шарада түрлі көріністер қойылып, ойындар ойнатылып, имани тақырыптағы өлеңдер оқылды. Проектор арқылы құрбан айт турасындағы мультфильм көрсетілді. Шара соңында айттық дастархан жайылып, әр бүлдіршінге айттық сыйлықтар берілді.
Осыдан кейін Аякөз қалалық мешітінің бас имамы Маратхан қажы Мұхтарханұлы мен наиб имам Думан Нәдірұлы қалалық орталық ауруханада болып, сырқат жандарды айт мерекесімен құттықтады. Ауруханада ем алып жатқан сырқаттар мешіт имамдарының оларды ескеріп, мерекемен құттықтағандарына шексіз ризашылықтарын білдірді.
Аякөздегі биылғы ерекше бағдараламармен аталып өткен құрбан айт мерекесі көпке дейін қала халқының жүрегінде болады деген сенімдеміз.
Аякөз қалалық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.10.2014
3259
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру