Бас қалада ұлық мереке әспеттелді
Астананың айшықты құлшылық орны – «Нұр Астана» орталық мешітінде Астана уақытымен сағат 08:00-де айт намазы оқылып, мүбәрак мерекедегі мінәжатқа он мыңға жуық елордалық қатысты.
Құрбан айты қалыптасқан дәстүр бойынша жамағатпен бірге таң намазын оқумен басталды. Таңғы құлшылықты елорданың Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы өткізіп, онда құрбан айтының қадір-қасиеті жайында уағыз айтты. Өкіл имамның мерекелік уағызы «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы, қари Төлеби Оспан оқыған Құран аяттарынан соң, Зулхиджа айының мәртебесі, құрбандықтың маңызы және қажылық төңірегінде өрбіді.
Ал сағат 8:00-де елордалық мұсылман жұртшылығымен оқылған мерекелік мәнажат соңынан көргені көп, түйгені мол ақсақалдар ел мен жердің тыныштығын тілеп, бата берді.
Құрбан айт жәрмеңкесі
Құрбан айт намазынан соң «Нұр Астана» орталық мешітінде бұқараға арналған жәрмеңке өткізілді.
Айт намазына келген астаналық ағайындарға жайылған дәмді ас пен тәтті тағамға толған дастархан көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ал бұл жәрмеңкеден түскен қаражат қайырымдылық іс-шараларына жұмсалады дейді дін қызметкерлері.
«Құрбан айт – құтты мереке»
Ұлық мерекенің келесі күнінде елордамыздағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай «Құрбан айт – құтты мереке» мерекелік концерті өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған биылғы «Дін мен дәстүр» жылы аясында ата дінімізде ұлықталған мерекелер жылдан жылға ұлттық реңк алып, бұқаралық сипатта өткізілуде.
Бұл кеште қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар әншілер де атсалысып, айт мерекесіне арналған кешке өз ән-шашуларын ала келді. Солардың қатарында эстрада және өнер жұлдыздары Қыдырәлі Болман, Құрмаш Маханов, Серікзат Дүйсенғазин, Ибрагим Ескендір сынды өнер иелері бұқараны ұлық мейраммен құттықтап, өз лебіздерін білдірді.
Мерекелік концертте әртүрлі қойылымдар, бүлдіршіндерге арналған түрлі ойын-сауықтық шаралары өткізілді. Балаларды таңдандырған тамаша тартулар мен жүйріктікке баулитын сайыстар да ұйымдастырылып, ұшқырлық танытқан бүлдіршіндер «Нұр Астана» орталық мешіті дайындаған бағалы сый-сияпаттарға ие болды. Мерейлі мерекелік кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы имамы Наурызбай қажы Тағанұлы халқымыз үшін бұл мерекелердің алар орны айрықша дейді. «Халқымыздың дәстүріне айналып, салтына сіңіп кеткен бұл айт мерекесін жаңа заманда ұлттығымыздың, елдігіміздің негізгі нақышы ретінде қайта жаңғыртатын кез келді. Осы орайда біз айт мерекелерінде ұлттық ойын-сауықтық шараларына басымдық беріп, ұлттық һәм халықтық мереке болса деген ниетпен ұйымдастыруды қолға алдық. Ұлттық санамыз бен дәстүрімізбен біте қайнасқан асыл дініміз тәуелсіз еліміздің шаңырағын биік етіп, рухани-мәдени жаңғыруымызға үлкен үлес қосады деп білеміз. Мерейлі мереке мүбәрак, айт құтты болсын. Жаратушы Жаббар иеміз елімізге тыныштық, жұртымызға амандық берсін» деп өз тілегін білдірді өкіл имам.
Айтулы кешке жиылған елорда қонақтары мен қала тұрғындарының да қарасы көп болды. Жиылған жұртшылық әдемі кештен алған әсерлерімен бөлісіп, ізгі іске ұйытқы болған кісілерге алғыстарын білдірді.
«Кең пейілді кемімес...» Құрбан айттағы қайырымдылық
Қасиетті құрбан айт мерекесінде «Нұр Астана» орталық мешіті тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек қолдарын созып, бірқатар ізгі шаралар өткізді.
Орталық мешіттің наиб имамы Асхат Сәлімов құрбан айт мерекесі кезінде мұқтаж жандарға арналған акция ұйымдастырылып, онда құрбандық малын ізгі істерге жаратуды құп көрген азаматтардың оннан аса ірі қара, жетпіске жуық ұсақ малы сойылғанын айтты.
Бұған қоса кей азаматтар садақа ретінде құрбандығының бір бөлігін, ал кейбірі түгелімен атаған екен.
Құрбан айтының алғашқы күнінен «Нұр Астана» орталық мешітінде әл-ауқаты төмен отбасыларға ет таратылу басталған еді. Ал әрқайсына 5-10 кг өлшемінде салынған ет пакеттері айт күндері үйді-үйге таратылды.
Құрбан айтының екінші күнінде «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық акциясы Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен «Алтын таға» мал базарында өткізілсе, 4-6 қазан күндер аралығында бұл бастама «Қайырымды, ізгі кісі – көгерер, ізгі кісі – халық жүгін көтерер» акциясымен астасып, елордалық дін қызметкерлері Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, құрбандық еттерін әлеуметтік тұрмыс-ахуалы төмен отбасыларға таратты.
Бұл күндері мұң-мұқтажын Алланың үйінен іздеген жандарға азық-түлік, киім-кешек, материалдық һәм рухани көмек жасау «Нұр Астана» орталық мешітінің миссиясына айналғаны да жасырын емес. «Жыл бойына қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, елмен бірге көгеріп, жұртпен бірге жасару біздің басты міндетіміз» дейді «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Асхат Сәлімов. Наиб имаммен бірге ізгі іске үлес қосуды мақсат еткен жамағат айт күндері үйді-үйді аралап, құрбандық еттері мен азық-түлік заттарын жеткізіп, таратты. Наиб имам Асхат Сәлімов құрбан айтының қайырымдылық шараларында отбасындағы денсаулығында ақауы бар, мүгедек балаларды бағып-қағып отырған отбасылардың да шаңырағына бас сұғуды ұмытпай, онда материалдық қажеттіліктен бөлек, асыл дініміз Ислам жайында көркем уағыздар айтылып, діни журналдар таратылды.
Мейірім мен рахымға толы мерекеде жасалған жақсылыққа қуанған отбасылардың дін қызметкерлеріне айтар алғысы да шексіз. Кекілді ұлдар ұлық мерекедегі тәтті-тағамдар мен балаларға арналған базарлыққа қуанса, үлкендер жағы қоғамның қалтарысында қалған кісілерге қарайласуды ұмытпаған дін қызметкерлеріне, ізгі істі ұйымдастыруға ұйытқы болған өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлына ризашылықтарын білдірді.
Ал, бас имам Наурызбай қажы Өтпенов қайырымдылық шаралары жыл бойына жүргізілетінін, мұсылман жұртшылығы үшін мүбәрак мерекелерде игі шаралар легі бұдан да артатынын айтады. «Бұл шаралардың барлығы да елдің бірлігін, ынтымағын, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жүргізілуде. Діни басқармамыз көрсеткен негізгі бағыт-бағдар да осыған үндейді. Ал асыл дініміздің негізгі үкімі де осы. Бір-бірімізге қамқор болу, мейірімділік таныту, бауырмашылдықты күшейту – біздің һәм баршамыздың негізгі міндетіміз болуы керек» деген Наурызбай қажы ұлық мерекелерде дін қызметкерлері де назардан тыс қалмайтындығын жеткізді.
Осылайша биылғы құрбан айт мерекесінде мешіт қызметкерлерінің отбасыларына да құрбандық еттері, дәмді-тәтті тағамдар, азық-түліктер бөлінгенін қуанышпен айта кеткеніміз жөн болар.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.10.2014
3327
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру