Мерекеге дайындық
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына орай Алматы қаласының бас имамы Есмағанбет Нұрбек қажы қаланың барлық мешіттеріне қасиетті құрбан айтты халқымызға сезіндіру мақсатында дін мен дәстүр сабақтастығы аясында ұлттық нақышта атап өту жөнінде нұсқаулар берді. Әлем мұсылмандарының ұлы мерекесі қасиетті Құрбан айт күні қаладағы әр мешіт өз мүмкіндігі шеңберінде айт мейрамының қызықты өтуіне ат салысты. Құттықтау баннерлері мен плакат ілініп, мыңдаған данамен құттықтау қағаздары таратылды.
Қайырымдылық көмектер
Бұл мереке қаладағы барлық мешіттерде айт намазын оқумен басталды. Айт намазынан кейін құрбандық шалынып, «Қайырымды, ізгі кісі көгерер, ізгі кісі-халық жүгін көтерер» атты республикалық акциясы аясында құрбандық мал еттері тұрмысы төмен отбасыларына, мұқтаж жандарға таратылды. .
Алғабас мешітінен құрбан айт қарсаңында 10 тонна көмір, 1 камаз отын тұрмысы төмен 10 отбасыға тегін таратылды. №8 Алғабас-сайран бағытындағы екі қоғамдық көлік айттың арапа күні халыққа тегін қызмет көрсетіп, іс-шара 1800 адамды қамтыды. Қала ішіндегі екі жер асты өткелдерінде Алғабас мешіті тазалық жүргізді.
Құрбан айт қарсаңында қаланың кейбір мешіттерінде астық және өзгеде азық-түліктер таратылды. Атап айтқанда, «Бекет-ата» мешітінде жағдайы төмен 100 отбасыға Құрбандық шалынған малдың еттерінен үлестірді. Және Таугүл-3 мешітінде тұрмыс жағдайы төмен 20 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Әр отбасыға 150 кг астық таратылды.
Киіз үй тігіліп, дастархандар жайылды
Алматы орталық мешітінде және қаланың бірқатар мешіттерінде киіз үй тігілді және дастархан жайылды. Сонымен қатар, Алматы қаласы Жетісу ауданы Амин мешітінің бас имамы Мұсабек Ақтамберді ҚР ІІМ Қылмыстық-Атқару Жүйесі Комитетінің ЛА 155/1 түзеу мекемесінің шаруашылық қызмет көрсету жасағының 65-жаза өтеуші сотталғандарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажы ұлының атынан қайырымдылық айт дастарханын жайды.
Айттың екінші күні мәдени-мерекелік іс-шаралар өтті
Балаларға арналған ойын-сауықтар
Атап айтқанда Құрбан айт қарсаңында Алатау аудандық «Бекет-ата» мешіті, Қалқаман-2 мешіті ұлық мерекені ұлттық нақышта атап өтті. Мейірім мерекесінде балалар да мешіт назарынан тыс қалмады. Мешіттер ауласына бүлдіршіндерге арналған батут қойылып, концерттік бағадарламалар ұсынылды. Бағдарламада қазақтың қара домбырасы, қобыз және сырнай сынды аспаптармен күйлер ойнатылып, цирктің таланттары және дарабоз жігіттер осы мерекеде өз өнерлерін ортаға салып, бүлдіршіндерді бір қуантты. Осындай іс-шара қыз балаларға арналып Алғабас мешітінде және өзге мешіттерде ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Амин мешітінің ұйымдастыруымен Құрбан айттың үшінші күні Алматы қаласы №2 балалар үйінде елімізге белгілі өнер жұлдыздарының орындауында концерттік бағдарлама қойып, балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Спорттық жарыстар
Сонымен қатар, Таугүл-3 мешітінің ұйымдастыруымен мешіт жанында «Сағындық сені Құрбан айт» атты мерекелі шара болып өтті және Қалқаман-2, Амин мешіттерінде мерекелік шарада спорт ойындарынан, атап айтқанда турникке тартылу, гір көтеру, бруся, садақ ату, арқан тарту секілді жарыстар ұйымдастырылды. Мерекеге «Төле би» мешітінің Бас имамы Мурзабаев Кенжәлі және Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Бейсенбайұлы қатысып жамағатты ұлық мерекемен құттықтады.
Құрбан айт мейірімділік пен жомарттықтың, ізгілік пен тақуалықтың мерекесі. Осы игі шаралардың басы-қасында жүрген барша азаматтарға Алла разы болсын!
Алматы қаласы орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.10.2014
4004
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру