Құрбан айт күндері жағдайы бар әрбір иманды жан қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға жәрдемдесіп, қайырымдылық жасай түседі. Әсіресе, бұл мейрамда құрбан малын шалған ағайындар еттерін ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім-жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратып сауапта жарысады. Осындай игі ниетпен «Иманғали» орталық мешіті де қайырымдылық шараларының басы-қасынан табыла білді.
600 пакет қайырымдылыққа үлестірілді
5-қазан. Әрине, құрбан айтының ең маңызды әрі сүйікті құлшылығы ол – құрбандық шалу. Құрбан айттың екінші күні "Иманғали" орталық мешіті «Сен де үлес» атты қайырымдылық шара жасады. Оған қала тұрғындары да шалған құрбан еттерін табыстап, сауапты іске өз үлестерін қосты.
Қайырымдылық еттері Атырау облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне табысталса, "Мөлдіркөз" зағиптар қауымдастығына және жаны жабырқаулы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Жалпы саны 600 пакет ет қайырымдылыққа үлестірілді.
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы қайырымдылық шараға келген қала тұрғындарына айт мейрамының мән-мағынасын айта келе қайырымдылық еттерін мұқтаж жандарға өз қолымен табыстады.
Бас қостырған аяқдоп
5-қазан. Атырау қаласының іргесіндегі Геолог елді мекеніндегі дене-шынықтыру, сауықтыру кешенінде қала мешіттерінің жамағаттары кіші аяқдоп (мини футбол) жарысын өткізді. Ұлық мейрам құрметіне өткізілген спорттық шараға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы қатысып, исламдағы ынтымақтастық пен бауырластық жайында сөз қозғап, Алла Тағаланың берген тәні аманат екенін атап кетті.
Әрбір қала мешітінен жиналған жамағат ойынды кәдімгідей қыздырып сала берді. Бір-біріне деген құрметі мен ізетін көрсетіп, аяқдоп ойынында нағыз достық кездесудің үлгісін танытты. Шара соңында жеңімпаз командалар сый-сияпатпен марапатталды.
Қарттар үйіндегі қамқорлық
6-қазан. Құрбан айт күні қазыналы қарттар да назардан тыс қалмады. «Иманғали» орталық мешітінің ұйытқы болуымен Атырау облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде мерекелік дастархан жайылды.
Шараға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қатысып, ұлық мерекемен қарияларды құттықтап, дендеріне саулық, өмірлеріне ұзақ ғұмыр, бойларына күш-жігер тіледі.
Сонымен қатар қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне қайырымдылық мақсатта мешіт атынан құрбан еттері, жеміс-жидектер табысталды. Әсіресе, мұсылмандардың мейрамында жандары жабырқаулы қарияларға бас имам Батыржан Берденұлы қаржылай көмек көрсетті.
Дастархан басында қазақы домбырадан шыққан күмбірлеген күйлер мен әуелеген әуезді әндер қариялардың көңілін бір сергітіп салды. Осындай ұлық мерекеде құрмет көрсетіп келген ҚМДБ-ның өңірдегі өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Б.Берденұлына қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Күзембаева Қилымқас Исабайқызы рахметін айтса, қариялар жағы шексіз ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.
Міне Атырау өңірінде осылайша биылғы Құрбан айт мерекесі дүркіреп өтті. Бұл күндері қала халқы да, жағдайы төмен отбасылары да, қамқорсыз қариялар да, жетім балалар да мәз-майрам болысып, шат-шадыман қуанышқа кенелді.
«Иманғали «орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.10.2014
3399
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру