Құрбан айт – барша мұсылман бауырларымыз асыға күтетін ұлық мереке. Бұл – Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың», «Көршісі аш кезде өзі тойып түнеген адам – бізден емес», – деген хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистері барша мұсылмандарды бір-біріне жанашырлықпен қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, тұрмысы төмендерге қарайласуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреті «Дін мен дәстүр» жылының аясында Құрбан айтты ұлттық нақышта атап өтуді бекіткен болатын. Ұлық мерекені Семей аймағына қарасты қала, аудан мешіттері атап өтті.
Семей аймағы бойынша өкіл имам, Қос мұнаралы орталық мешітінің бас имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтауын жеткізді. «Ұлық мереке-Құрбан айт» тақырыбымен мазмұнға толы уағыздар мен Құрбан айттың қасиеттері мен айтта орындайтын ізгі амалдарды кеңінен түсіндіріп айтып өтті. Сонымен қатар, «Құрметті жамағат, Алла Тағаламыз жасаған жақсылықтарыңызды, ақ ниеттеріңіз бен шынай пейілдеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Алла Тағала Отанымызға әрқашан береке-бірлік берсін, отбасыларыңызға амандық, саулықты нәсіп еткей. Алла Тағала айттан айтқа аман-есен жетуге жазсын», – деген ізгі тілегін білдіріп, құран бағышталды. Құрбан айттың келесі күндері «Құрбан айт қабыл болсын» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Бұл шараға қаламыздың 150 дей кемтар, мүгедек, көп балалы жанұяларға құрбандыққа шалынған малдың еттері таратылып берілді.
Биылғы 2014 жылды ҚМДБ-ның «Дін мендәстүр» жылы деп жариялауы ұлық мерекені ұлттық құндылықтарымызбен байланыстыра насихаттау мерекенің кеңінен халықтық сипат алуына үлкен әсер берді. Тұңғыш рет мешіт ауласында ұлттық спорт ойындарынан сайыстар ұйымдастырылды. Қазанның 6-шы жұлдызында қазақша күрестен, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрес сынды спорт ойындарына жас спортшылар белсене қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Жиынға қатысқан жас спорт саңлақтарына, Семей аймағы бойынша өкіл имам Алтыбай Мақсат, Құрбан айт құрметіне арнайы тұңғыш рет өткізіліп жатқан спорт сайысын ұйымдастырудағы негізгі міндетіміз жастардың, ұлы мейрамға деген құрметімен сүйіспеншілігін ояту, асыл дініміздің адамның жанын-тәнін саламаттылыққа тәрбиелейтін өнегесін көрсету. Пайғамбарымыз хадисінде: «Балаларыңды, суға жүзуге, садақ атуға, балуандық күрес өнеріне тәрбиелеңдер», – деген ұлағатты өсиеті бар. Дүркіреп өткен бұл сайыстар да өз мәресіне жетті. Өкіл имам барша қатысушыларға құрметпен алғыс білдіріп, дүбірлі додада оқ бойы оза шыққан қатысушыларды марапаттауға жинады. Қорытындылау нәтижесінде орталық мешіт атынан қазақша күреске 30 мың мен 15 мың теңге аралығында ақшалай сыйлық ұсынылып, марапаттау қағаздарын қоса табыстады. Басқа жүлдегерлер де 15мың мен 5мың теңге көлемінде ақша үлестірілді.
Жарыс соңынан мешіт жанындағы асханада құрбан айт дастархан жайылып ас берілді. Келесі Құрбан айт мерекесіне, отанымыз тыныш, бірлігіміз бекем болып, аман есен жетейік деп дұға жасалды. Кіл жүйріктер өз разылықтарын айтып, имани думаннан жақсы көңіл-күймен тарасты.
Семей орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.10.2014
2982
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру