Құрбан айт мерекесіне орай «Нұр Астана» мешіті жамағатының арасында шам намазынан соң викториналық сұрақ-жауап жарысы өтті. Білім бәсекесінде құрбан айтына қатысты қойылған түрлі сауалдарға жамағат жарыса жауап беріп, сайыстың әрін кіргізді. Орталық мешіттің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен өткізіліп отырған ұлық мерекедегі сайыстың мән-мазмұны да ерекше.
Кешті жүргізген найб имам Нұрлан Рамазан бұл сайыс Жаратқанға жақындатар жақсы амалдардың бірі дейді. «Қасиетті Құран Кәрімде «Таһа» сүресінің 114-аятында Алла Тағаладан ілімімді арттыр деп дұға ету жайында айтылады. Ақиқатында асыл дініміз білімді болуға шақырады. Бұған дәлел Алланың кәләмі де «Оқы! Жаратушы Раббыңның атымен оқы» деп басталады. Ал, бүгінгі қоғамда халқымыздың діни сауатының болуы өте маңызды. Діни басқармамыз бекіткен бағдар да халықтың шариғи білімін арттыруды көздейді. Бағыты бұлыңғыр ағымдардың алдын алудың да негізгі жолы осы болмақ. Сол себепті бүгінгі білім жарысы тек қана Құрбан айты мерекесі төңірегінде шектелмей, асыл дініміз бен ардақты пайғамбарымыз жайында өрбіді. Көңіл қуантарлығы, жылдан жылға жұртшылықтың Ислам дініне деген ықылас-ниеті артып келеді» деп, найб имам Нұрлан Рамазан өз қуанышымен бөлісті.
Сайыс соңында қойылған сауалдарға алғырлық танытып алғаш болып жауап берген, белсене қатысқан жамағатқа «Нұр Астана» мешіті атынан қасиетті Құран кітаптары, «Дін мен дәстүр», «Иман негіздері», «Дін мен діл» секілді құнды әдебиеттер мен жайнамаз сыйға тартылды.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.10.2014
3330
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру