Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қарақия ауданында жаңа мешіт ашылды

07.10.2014 4765 0 пікір

Құрбан айттың алғашқы күні Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық кентінде жаңа мешіт бой көтерді. Облыстық орталық мешіттегі айт намазына жиналған маңғыстау жұртшылығына жылы лебізін білдіріп, жамағатпен бірге намаз оқығаннан кейін, облыс басшысы А.Айдарбаев Қарақия ауданындағы жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысу үшін арнайы келді.

Облыс әкімі А.Айдарбаев Құрық ауылының тұрғындарын мұсылмандардың берекелі мерекесі Құрбан айттың келуімен құттықтап, жаңа мешіттің лентасын қиды. Мешіт ішіне ілетін үлкен экранды теледидар мен ноутбукты сыйға тартқан облыс әкімі  мұнан кейін мешіт ауласында құрбандық шалынып, Құран оқу рәсіміне қатысты. 

Былтырғы жылдың құрбан айт мейрамында, яғни 2013 жылдың 15 қазанында іргетасы құйылып, құрылыс жұмыстары басталған жаңа мешіт биылғы құрбан айт мейрамында мұсылман жұртшылығына пайдалануға беріліп отыр.

Құрық аулының тұрғындарына арналып салынған мешіттің бой түзеуіне Біріккен Араб Әмірлігінің «Қызыл жарты ай» қоғамы демеушілік жасаған. Жаңа мешіт  ерлер және әйелдер залы, сондай -ақ,  имам бөлмесінен тұрады. Дәрет алатын орындар мешіт жанындағы қосымша ғимараттарда орналасқан.

9 мыңнан астам халқы бар Құрық кенті Қарақия ауданының орталығы болып табылады. Бұған дейін 2 бөлмелі кішкене ғана жер үйді мешіт орнына пайдаланып келген ауыл тұрғындары жаңа мешіттің ашылғанына дән риза.

Маңғыстау облыстық
орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру