Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырауда Ұлық мереке халықтық мейрамға айналды

06.10.2014 3608 0 пікір

Бірліктің бастауы болған Құрбан айт халықты мейірімге бөлеп, сауапты амалдар арқылы Жаратушыға жақындатары ақиқат. Иә, жағдайы жеткен мұсылман бұл күндері Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасайды.

Құрбан айт уақытында ағайын-туыс, көрші-қолаңды аралап, шаттыққа да бөленетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, бір-бірін кешіріседі. Осылайша ұлық мейрам туысқандық, бауырластық, мұсылмандық байланысты күшейтуге себін тигізе түседі. 

 

Әкім айтпен құттықтады

Атырау халқы да қасиетті құрбан айттың алғашқы күні ертемен мешітке бет алып, айт намазына асыға түсті. Міне, ақ ниетті ағайынның молдығынан қала мешіттерінде ине шаншар орын болмады.

Орталық «Иманғали» мешітіне келген барша ағайынға ертемен уағыз айтылып, қасиетті мерекенің мән-маңызы түсіндірілді. Ұлық мереке құрбан айт намазына Атырау облысының әкімі Ізмұхамбетов Бақтықожа Салахатдинұлы арнайы келіп, барша атыраулықтарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, еліміздің баянды, халықтың ынтымақты болуына өз тілегін білдірді.

Ал, айт намазынан кейін мұсылман қауым үлкен-кіші деп бөлінбестен, бір-бірімен төс қағысып, ұлық мерекемен құттықтасты.  

 

Бұл күні ұлттық дәстүр де жаңғырды

Айт намазынан кейін «Иманғали» орталық мешітінің ұйымдастыруымен ұлық мерекеге орай қаладағы «Балықшы» спорт кешенінде дін және дәстүр жылы аясында ұлттық спорт түрлерінен қалалық алты мешіт жамағатының арасында сайыс өтті. Атап айтқанда, қазақша күрес, садақа ату және асық ойнау жарысы. Мақсат біреу. Бөлінбеу, бірігу, арадағы бауырластықты онан әрі нығайту.

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров дәстүрдің шеңберінде өтіп жатқан спорттық шараға қатысып, жарысқа қатысушы қала мешіттерінің жамағаттарына жеміс  тіледі. Мұнымен қоса мұсылманның дені сау, қуатты болу керектігін және спорттың дінімізде алар орны төңірегінде сөз қозғады. Мұнан соң үш алаңда қазақша күрес, садақ ату, асық ойнау жарысы басталып кетті.

Күрес пен садақ жарысында үлкендер өздерін көрсетсе, асық ойнауда да балалар кәдімгідей белсенділік танытты. Жарыс соңында аталған ұлттық ойындардың жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Мерекелік дастархан бауырластыққа куә болды

Ұлттық дәстүрге сай мерекелік дастархан жайылып, мешіт жамағаттарына, қала тұғындарына ұлттық тағамдар ұсынылды. Көрші облыс және көршілес Ресей елінен де келген қонақтар осы меймандостық дастарханынан табылды. Ас үстінде өңіріміздің бас имамы Батыржан Берденұлы әсерлі де мәні зор уағыз-насихат жасады.

«Ішкен-жеген түске жетпес, ықылас-ниет естен кетпес» демекші, мереке күні сыйлық жасау да сауап іс екені сөзсіз. Міне осы мақсатта спорттық шараға қатысып қолдау білдірген барша кісілерге «Дін мен дәстүр», «Саңлақ сахабалар», «Намаз оқып үйренейік» атты кітаптар мешіт атынан сыйға тартылды.

Ас соңында бата беріліп, еліміздің өркендеп дамуына, халқымыздың татулығына дұға жасалды.

 

 

Балалар да көңілденді

Құрбан айттың алғашқы күні балалар да мешіт назарынан тыс қалмады. Атап айтқанда, мемлекет қамқорлығындағы балалар. Мешіт ауласына арнайы ойын алаңы жасалып, оған батут, ойын машиналары, әткеншек, ауыздан дәмі кетпес тәттілер қойылды.

Әрине, оған Атырау қалалық «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының 50 тәрбиеленушісі, «С.Қазыбаев» атынағы №1 мектеп-интернаты және Атырау облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернат үйінің балалары шақырылды. Жалпы саны 150 балаға мешіттің ұйымдастыруымен көлік қызмет жасады. Балалар мешіт ауласында емен-жарқын ойнап, тәттілерден дәм татып, мешіт ішін қызықтады. Бас имам Батыржан Берденұлы балаларға имандылық шарттарын айтып, тәрбиелі болып өсудің мән-маңызын түсіндірді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Бір-бірлеріңізге сыйлық беріңіздер. Шүбәсіз, сыйлықтар сүйіспеншілікті арттырады...", деген хадисі бар. Шынында бұл мереке сыйлық беріп, сүйіспеншілікке бөленетін күн. Балалардың қолы бос кетпесін, құрбан мерекесін сезінсін деген ниетпен арнайы сыйлықтар әзірленді. Осылайша көтеріңкі көңіл күй сыйлаған өңірдің бас имамына және мешіт ұжымына бүлдіршін балалар өздерінің жүрекжарды алғыстарын білдіріп тарқасты. 



 «Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру