Маңғыстау облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруыменен және қалалық әкімдіктің қолдауыменен Ақтау қаласындағы облыстық Филармонияда «Құрбан айт мүбәрак болсын» атты рухани мерекелік кеш өтті.
Кеш басталар алдында Филармония фойесінде облыстағы «Азаматтық альянс» үкіметтік емес ұйымы мен Қазақстан халықтары ассамблеясының өкілдері «Айт дастарханы» атты ұлттық тағамдар үстелін дайындады. Мерекелік кешке келген қонақтар тәттілер мен ұлттық тағамдардан дәм татып, мәре сәре болысты.
Құрбан айт қарсаңында өткізілер шаралар легінің шымылдығын ашқан мерекелік кеш алдымен өз көрермендеріне Қасиетті Құран аяттарын ұсынды. Облыстық мешіт азаншысы Қазақ Әли Құранның құтты аяттарын оқығаннан кейін, өкіл имам С.Сейтбеков пен облыстық ішкі саясат өкілі И.Есенәлі жұртшылықты Құрбан айтпен құттықтап, Алланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастархан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақ еліне ырыс пен береке әкелуін тіледі.
Одан әрі өңірге белгілі жыршы термешілер жырдан шашу шашып, Алла деп жыр жазып жүрген ақындар имандылыққа шақырған өлеңдерін оқыды. Сондай ақ, «Тәрбия» ұлттық киім сән салоны ұсынған мұсылман қыз келіншектерге арналған ұлттық киім нақыштары көрсетілді.
Зал көрермендеріне арналып, Құрбан айтқа қатысты 10 сауал қойылып, викториналық ойын ойнатылды. Жеңімпаздарға А.Ноғаевтың «Даналық ойдан дән ізде» кітабы сыйлыққа берілді. Ұлттық өнерге сусындатқан кеш одан әрі аймақта танылып жүрген айтыскерлердің өнеріне кезек берді. Жас ақындар Арғынбек Қалбаев пен Азамат Орынбасаров асыл дініміздің мәртебесін көтерер арынды сөздерімен кештің көркін қыздырды.
Иләһи әндерімен көпшілікке танылып жүрген Ибрагим Жақып «Кешір Алла», «Жәннатты ізде анадан» әсем әндерін шырқады.
Осылайша балалардың сыңғыр күлкісі мен тұрмысы төменнің көз қуанышы,үмметің мерейі болған Құрбан айттың құрметіне арналған мерекелік рухани кеш жоғары деңгейде өтті.
Маңғыстау облыстық орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
05.10.2014
3640
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру