Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құрбан айт – мерейлі мереке

03.10.2014 3535 0 пікір

Бұл күндері барша мұсылман қауым исламдағы қасиетті мереке Құрбан айтты қарсы алу үстінде. Жақында Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Науан хазірет атындағы орталық мешіттің ұйымдастыруымен жастарға арналып, арнайы мәдени шара болып өтті.

Жиналғандар алдында кіріспе сөз сөйлеген облыс имамы Қанат Қыдырмин құрбан айттың тағылымы жайлы ой қозғады. Одан кейін бейнеролик арқылы еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барша қауымды құрбан айтпен құттықтаған сөзі көрсетілді.

Шара кезінде дін танушылар Қанат Алшынбай «Құрбандық сыры», Серік Халықов «Пайғамбар өсиеті», Мырзабек Азатхан «Құрбан айттың тағылымы» тақырыптарында уағыз оқыды. Онда ислам дініндегі бұл мерекенің маңызы жайлы айтылды. 

Сонымен бірге, Көкшенің белгілі өнер саңлағы, жыршы Жұмабай Есекеев Орынбай ақынның «Қырық парыз» толғауын орындап берді. Жалпы, бұл шара әншілер Болат Батырбаев, Қажыбай Жахин, Гүлмира Тілеубаева және Сәрсенбай Қасеновтердің  орындауындағы әндермен жалғасын тапты. 

Бұл да құрбан айтты халық арасында насихаттаудың бір ізгі көрінісі болса керек. Өйткені, бұл мереке бүгінгі барша қауым ыстық ыждаһатпен тойлайтын мейрамға айналды. Ал, мәдениет сарайындағы бұл шара осыған айқын бір мысал болды.

Бақыт СМАҒҰЛ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру