Елорданың «Бәйтерек» халықаралық баспасөз орталығында мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі – Құрбан айтқа орай баспасөз мәслихаты өтті. ҚМДБ-ның найб мүфтиі Серікбай қажы Ораз бен ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен болған басқосуда биылғы Құрбан айтының ерекшелігі, айт намазы және мереке күндері атқарылатын іс-шаралар жайы сөз болды.
Найб мүфти Серікбай қажы биылғы айт мерекесінің қасиетті арафа және жұма күндерінің тоғысуымен ерекше екендігін айтып өтті. «Мұсылман жұртшылығы үшін екі ұлық мереке – ораза айты мен құрбан айты болса, биыл құрбан айтының арафасы күндердің ұлығы болған Жұма күнімен басталмақшы» деп найб мүфти бұл күннің қадір-қасиеті мен ерекшелігін баяндады.
Ал елорданың өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесі 4 қазан күні таңғы сағат 8-00-де айт намазын оқумен шымылдығын ашып, одан соң құрбандық сою рәсімдері атқарылатынын мәлімдеді. «Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы биыл «Дін мен дәстүр» жылы аясында көптеген игі істерді жандандыруға бағыт-бағдар, міндет-тапсырмалар бергені баршаңызға мәлім. Осы орайда ел аумағында айт мерекелерінің ұлттық нақышта, бұқаралық сипатта өтуі басты назарға алынып, бұл күндері мұсылман қауымының ұлық мерекелері ұлттық ойындармен, халықтық жыр шашулармен көмкерілуде. Халқымыздың дәстүріне айналып, салтына сіңіп кеткен айт мерекелерінде атқарылар іс-шаралар да ауқымды» деген өкіл имам мереке күндері өткізілетін шараларға тоқталды. Өкіл имамның мәлімдеуінше, бұл айт мерекесі де айрықша өткізілмекші. Айт намазынан соң Астананың айшықты «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттерінде бұқаралық жәрмеңке ұйымдастырылады. Айттың алғашқы күнінде «Әзірет Сұлтан» мешітінде ұлттық спорттық ойындар сайысы өткізіліп, екінші күні «Нұр Астана» мешітінің ұйытқы болуымен «Хан Шатыр» ойын-сауық кешенінде «Құрбан айт құтты болсын!» атты мерекелік концерті қойылады.«Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін құрбан шал!» акциясы да осы күні «Алтын таға» мал базарында өткізіледі. Ал мерекелік дастарқан «Төлебай» мешітінде жайылады.
Бұл күндері қайырымдылық шарадары да назардан тыс қалмайды. Үш күн айт мерекесінде қалалық әкімдікпен бірлесе мұқтаж отбасыларға құрбандық еті, азық-түліктер таратылып, «Қарттар» үйінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты рухани кеш те өткізілмекші.
Айт күні атқарылатын ізгі істердің ау-жайына кеңінен тоқталған елорда имамдары ондаған жылда қайталанатын ұлық күндердің тоғысуын Алланың адамзат баласына берген ұлы нығметіне балады. Осы күні елімізден қасиетті Мекке шаһарына аттанған отандастарымыздың да дұға-тілектерінің қабыл болуын Алладан тілеп, елорда халқын қасиетті Құрбан айтымен құттықтады.
Бас имамдардың БАҚ өкілдерімен болған басқосуы көпшілік көкейіндегі айт мерекесі жөніндегі сауалдарына шариғи тұщымды жауаптар беруімен аяқталды.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.10.2014
3585
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру