Елордамыздың «Төлебай» мешітінде өткізілген қос бірдей шара қалың бұқараның көңілін сергітті. Бірі – өмірдің базарынан өз ризық-несібесін алып, ұл-қызының қызығын көріп отырған қазыналы қарияларға арналса, ендігісі – елдің жарқын болашағының кепілі болуға лайықты жас буынның белсене қатысуымен өткен «Жастар – нашақорлыққа қарсы» эстафетасы.
Айтулы екі шараның қайсысын алсақ та, ел дамуының негізгі бағдарына бағытталғанын көзі қарақты оқырман аңғарары сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі тұғырлы тәуелсіздігіміз үшін тер төккен қарияларға әрдайым зор құрмет көрсетіліп, ерекше жағдай жасау керектігін әрдайым өз сөзінде айтып келеді, ал жыл сайынғы жолдауында Қазақстанның болашағы дені сау, білімі ұшқыр жастарда екенін ескертіп отырады.
Ал, асыл дінімізде үлкенге құрмет көрсету, қалтқысыз қызмет қылу Алланың алдындағы алғашқы міндеттер қатарына жатады. Бұл жайында құран аяттары мен пайғамбар (с.а.с.) өсиеттерінде кеңінен айтылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының биылғы «Дін мен дәстүр жылы» аясында басшылыққа алған бағыттарында үлкенге құрмет, кішіге ізет, міскіндерге көмек беру міндет екендігі әмбеге аян. Бұл бағытта жарты жылдың өзінде өңірлерде түрлі деңгейдегі азды-көпті шаралар ұйымдастырылды. ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен елордалық дін қызметкерлері «Қарттар» үйіне, «Жетім балалар» үйіне жиі бас сұғып, көңілдеріне демеу болып, мүмкіндігінше қарайласып, ұлттық һәм діни мерекелерде баршасына дастарқан жайып, концерттік шаралар өткізіп келеді. «Төлебай» мешітіндегі кешегі өткен бұл шаралар да осы мақсатта ұйымдастырылып, зейнеткерлер мен соғыс ардагерлерін мемлекеттік мереке «Қарттар күнімен» құттықтап, арнайы концерттік бағдарлама қойылды. Онда әннен шашу шашылып, күмбірлеген күй де төгілді, жырдан шашу шашылды. Дуалы ауыз ақсақалдарын ардақтаған №44 мектебінің оқушылары бұдан соң «Жастар – нашақорлыққа қарсы» эстафетасын ұйымдастырып, салауатты өмір салтының жарқын бір үлгісін көрсетті. Эстафетада ұлттық ойындар да әспеттеліп, асық ату, қазақша күрес, арқан тарту жарыстары өтті. Сондай-ақ, оқушылар волейбол ойнап, қаппен жүгіріп те жүйріктік танытты.
«Бүгінгі өздеріңіз куә болған шаралар бүгінгі ұрпақты жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю мақсатында ұйымдастырылды. Қариясын құрметтеген ұрпақ ешқашан да ұтылмайды. Санасы таза, дені сау ұрпақты тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз. Жастардың жұмыла жасаған ойын жарыстарынан, концерттік бағдарламадағы қойылымдарынан "Батамен ел көгерер" деген кешегі текті қазақтың ұрпағының баба аманатын ұмытпағанын көрсетеді» дейді «Төлебай» мешітінің бас имамы Ибрахим Келдібайұлы. Шара соңында бас имам жастарға жігер беріп, арнайы алғыс хаттары мен сыйлықтар табыстады.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
30.09.2014
3355
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру