Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас имамның уағызы Зулхиджа жөнінде өрбіді

30.09.2014 3486 0 пікір

Ислам тарихындағы елеулі уақиғаларға негізделген уақыттар – мұсылман жұртшылығының назарынан талай ғасыр тыс қалмай келеді. Алдағы құрбан айт мерекесі мен қажылық – күллі әлем мұсылмандарының сағына күтер мерекесі мен ұлық ғибадаты. Осы уақытқа тұспа-тұс келетін Зүлхиджа айының қадыр-қасиеті арқау болған бесін уағызы бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде жүргізіліп, онда бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы осы айдың мән-мағынасы мен Арафа күні ораза ұстаудың артықшылықтары төңірегінде баяндады.

Ұлық ғибадат – қажылық кезіне тура келген бұл ай, әсіресе, алғашқы он күні  – Алла Тағаланың мейірім-шапағатының ерекше асып-таситын уақыты. Бұл жайында қасиетті Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінде көптен мысалдар келтіріледі. «Қадырменді ағайын. Міне, айдан айға, жылдан жылға бір Алланың мейірім-рахымымен ел іргесі тыныш, басымыз аман, бауырымыз бүтін жетіп, күн кешудеміз. Есімі әлемге мәшһүр  Ибн Хажар сахих Бухариге шарх жазған Фатхуль-Барий  кітабында: «Зуль-Хижжаның он күнінің ерекшеленген себебі — өйткені бұл уақытта құлшылықтардың негіздері болған; намаз, ораза, садақа (зекет) және қажылық бір мезгілде жыйналғандығы үшін, бұл құлшылықтар басқа уақыттарда бірдей келмейді»дейді. Яғни, тек Зүлхиджа айында ғана  аталған ғибадаттардың бастары бірігіп, тоғысады, басқа уақыттарда ондай емес. Демек, басқа айларда намаз, ораза, зекет садақа секілді құлшылықтарды жасауыңыз мүмкін, алайда қажылық ғибадатын жасай алмайсыз. Ал, Зүлхиджа айында намаз, ораза, зекет, садақа, қажылық секілді ғибадаттардың барлығын жасауға мүмкіншілік беріледі» деген өкіл имам бұл сөзін атақты Құран тәпсіршісі Ибн Кәсир Ибн Аббастың тәпсірімен жалғап, Зулхиджа айының алғашқы он түні де күндізі секілді қадір-қасиетке толы екендігін айтты.

Бас имамның уағызына ұйыған жамағат бұдан соң көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру