ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникация орталығында Құрбан айтқа байланысты жергілікті БАҚ өкілдері қатысуымен брифинг өтті.
Бас имам Омаров Талғат Сейткәрімұлы келе жатқан төл мерекелеріміздің бірі Құрбан айтпен құттықтады. Бұл айттың артықшылығы мен осы айда жасалатын сауабы мол құлшылықтармен таныстырып, Арафа күні, Құрбан айт, Қажылық және құрбандық шалу мен оған қатысты үкімдерге тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына орай сұхбат берді. Сонымен қатар, БАҚ өкілдерін пайдалана отырып халықты аталмыш айт мерекесімен құттықтай келе, Құрбан айтқа қарсы атқарылатын іс-шаралар легімен таныстырды. Айтқа байланысты өтетін мерекелік концертпен айт күні өтілетін спорттық шараларға қатысып, қонақ болуға шақырды. Құрбан айт мерекесі күні, яғни 4 қазанда мешітте жылдағы дәстүр бойынша айт намазынан кейін жамағатқа дастарқан жайылып, ас берілетінін тілге тиек етті.
«Айт мерекесіне байланысты құрбандыққа шалынған малдардың еттері 100-ден аса отбасыларға бөліп берілетін болады. Мешіттің жанына 3 киіз үй тігіліп, былтырғыдай түрлі спорттық ойындардан арнайы сыйлықтар тағайындалып, жарастар ұйымдастырылмақ. Қарттар үйінде қайырымдылық шара ретінде азық-түлік таратылып және облыстық орталық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында облыстық филармония әнші-жыршыларымен концерттік бағдарлама өтеді. Сонымен қатар қаламыздың төрінде орналасқан «Жібек жолы» (Мега центр) сауда орталығындағы ойын алаңдары арнайы балалар үйінің сәбилері үшін тегін жұмыс жасап, онда тұрғындарға тағам таратылатын болады. Жылдағы әдетімізше сол күні қала тұрғындары үшін тегін қоғамдық көліктерді ұйымдастыру да жоспарланып отыр. Бұның барлығы Құрбан айт мерекесін халық арасында кеңінен насихаттап, мейрамның қадыр-қасиетінің жоғарлығын ұқтыру мақсатында жасалып жатқан шаралар» – деді Өкіл имам.
Келе жатқан төл мерекелеріміздің ең үлкені Құрбан айт баршаңызға мүбарәк болсын!
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.09.2014
3345
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру