Атырау облысы әкімдігі Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен "Атырау облысындағы діни ахуалдың ерекшеліктері" атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция сондай-ақ, "Діни сауатты арттыру − бүгінгі күннің өзекті мәселесі", "Дін саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы ақпарттық-насихат жұмысының тиімділігі" атты тақырыптарда секциялық отырыстар өткізілді.
Аталмыш конференцияға облыстық Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, "Успен Соборы" орыс православ шіркеуінің протоиерейі Михаил Степанов, "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Жас Отан" жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов, "Әт-Тақуа" мешітінің наиб имамы, теолог-исламтанушы Қанат Жұмағұл, Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан және ұстаздар, түрлі сала мамандары, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты. Аталмыш конференцияда жүрекжарды баяндамалар жасалып, қоғамдағы діни құндылықты арттырудың жолдары ортаға салынды.
Атырау облысының өкіл имамы Батыржан Берденұлы: "Ислам ғылымға үндейді" атты баяндамасында: «Ислам адам баласын үнемі тазалыққа, адалдыққа, бейбітшілікке, ғылым-білімге шақыратын дін. Жер бетінде қаншама халық оны қадірлеп, қастерлеп келеді. Алла тағала мен оның елшісі болған Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бойұсынуға шақыратын, бейбіт өмірді насихаттайтын асыл дінімізді бүгін лаңкестік, экстремистік секілді небір жағымсыз ұғымдармен байланыстырып әлек болудамыз. Бұл әрине жанға ауыр тиер ақиқат. Шындығында Ислам еш уақытта адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке, білімсіздікке жетелеген емес. Қайта адам баласын биік шыңға шығару үшін ілім-білімге үндеумен келеді. Білімді, сауатты болу Исламның талабы. Сол себепті дініміз ең әуелі адамзатты білімге, оқуға талпындырады», - дей келе Алланың сөзі қасиетті Құран, Пайғамбар сөзі болған хадистер барша адамзат баласын дін ілімімен шектелуге емес, өзге де пайдалы болған дүниелік білімді алуға үндейтінін ерекше атады.
Сондай-ақ, баяндама жасаушылар өздерінің пікірлерін ортаға салып, имандылық тал бесіктен, отбасындағы тәрбиеден бастау алатынын тілге тиек етті. Халықтың бірлігі мен ынтымағын берік сақтаудың жолы дұрыс діни таным мен сапалы білімде екені осы коференцияде егжей-тегжейлі айтылды.
"Иманғали" орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.09.2014
4139
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру