Күні бүгінге дейін Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы қызметін атқарып келген Әміре Ерсін Бекайдарұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Алматы орталық мешітіне наиб имам қызметіне ауысты. Бұл жөнінде ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров жұма намазына жиналған жамағатқа хабардар етті.
Онда өңірдің өкіл имамы Батыржан Берденұлы: «Құрметті жамағат! Өздеріңіз білетін наиб имам Ерсін Әміре бауырымызды еліміздегі бірегей теолог маман деп мақтана айта аламыз. Сонау Алматы орталық мешітінен осы Атырау өңірінің «Иманғали» орталық мешітіне наиб имам қызметіне ауысып келген болатын. Міне, сонан бері білікті, білімді әрі ұстаздығымен қатар теолог қызметін де абыройлы атқарып келді. Атырау облысына қарасты жеті ауданға барып, көптеген кездесулерде болды. Қаншама жақсы жұмыстардың басы-қасынан табылды. Және де «Иманғали» орталық мешітінде ақшам мен құптан намазының арасында аптасына үш мәрте тұрақты уағыз жүргізіп отырды. Міне, Ерсін бауырымыз Бас мүфти бұйрығымен Алматы орталық мешітіне наиб имам болып тағайындалды. Мешітіміздің ұжымы және жамағаты атынан Ерсін ұстазымызға үлкен алғысымызды білдіреміз», - деп, қазақы үрдіс бойынша иығына шапан жапты.
Атырау жамағаты да Ерсін Бекайдарұлына өздерінің шексіз алғыстарын білдіріп, жаңа қызметіне абырой тілеп, ақсақалдар жағы баталарын берді.
Ерсін Әміре 2001-2006 жылдары Ливан мемлекетіндегі Триполи универсиетінің шариғат және ислам ғылымдары факультетін теолог-исламтанушы мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2007-2008 жылдары ОҚО, Шымкент қаласындағы «Абдулхамит Қаттани» орталық мешітінде ұстаз болып бастаған. 2009-2011 жылдары Шымкент қаласындағы «Сейткәрім қажы» мешітінің бас имамы, “Даруль арқам Құран кәрім үйрену” орталығының ұстазы; 2011-2013 жылдарда Алматы қалалық орталық мешітінің наиб имамы; 2013 жылғы сәуір айынан бастап Атырау облысындағы «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының директоры қызметін атқарды.
«Фиқһ» мәселелері (аудио жазба, 18 сағат); «Тахауи ақидасы» (аудио жазба, 27 сағат); «Нәпсіні тәрбиелеу» мәселесі (аудио жазба, 50 сағат) және өзге де аудио-видео сабақтарының авторы.
Біз де Атырау облысының дін қызметкерлері және «Иманғали» орталық мешітінің ұжымы атынан әріптесіміз Әміре Ерсін Бекайдарұлын жаңа қызметімен құттықтап, тәуелсіз еліміздің рухани құндылығын көтеру жолындағы еңбегіне табыс тілейміз.
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.09.2014
3881
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру