Жуырда Түркияда «V халықаралық халал және салауатты өнімдер» атты тақырыпта айтулы көрме өтті. Әлемнің әр түкпірінен келген делегация мүшелері халал өнімдері туралы пікір алмасты. CNR Expo тарапынан өткен көрмеге еліміздің дін қызметкерлері де қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен ҚР Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры Кенжеәлі қажы Мырзабай Ыстамбұл шаһарына қазақстандық делегацияны бастап барды.
«Бүгінгі таңда елімізде халал өнімдер шығаратын кәсіпорындар саны көбеюде. Алайда бұл салада қадағалау, үйлестіру жұмыстары көңіл көншітпейді. Өйткені, өнім мен қызметтің дұрыс-бұрысын ажырататын ережелер, нормативтер, яғни стандарттар жоқтың қасы. Сол ережелерде өнімдер қызметтің негізгі нұсқалары – санитарлық, ветеринарлық, құрылыс және техникалық қауіпсіздік көрсеткіштері қамтылуы қажет. Халал тамақ өнімдеріне міндетті түрде қойылатын мынадай көрсеткіштер болуы тиіс. Олар: оргонолептикалық, физхимиялық, микробиологиялық, геномодификациялық талаптар. Осы мәселелер төңірегінде Түркияның белді мамандарына ұсыныстарымызды жеткіздік», – дейді «ҚазСт халал» ЖШС-ның бас директоры Бекжан Махметов.
Бүгінде Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында ілім алып жатқан дін қызметкерлері негізгі пәндерден бөлек халал стандарттар жүйесі туралы дәріс тыңдауда. Кенжеәлі қажы Мырзабайдың айтуынша, Ыстамбұлда өткен көрмеде қазақстандық имамдарды халал жүйесі бойынша білім жетілдіру үшін Түркияға жіберу туралы мәселе көтерілген. Біз Ислам институтының оқу жүйесі мен онда атқарылып жатқан игі іс-шаралары жайлы Кенжеәлі қажы Мырзабаймен аз-кем тілдескен едік.
– Біздің институт негізгі үш қағидаға басымдық береді. Біріншіден, имамдардың білім алуы, екіншіден, дәріске толық қатысуы, үшіншіден, әдеп, яғни көркем мінез. Осы үш мәселені қадағалаймыз, – деп бастады сөзін Кенжеәлі қажы Мырзабай.
– Институтта діни пәндерден бөлек қандай дүниеуи дәрістер беріледі?
– Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы имамдармен кездесуде дін қызметкерлерінің жан-жақты іліммен сусындап, дүниеуи ғылымдарды да меңгеру қажеттігін айтқан болатын. Осыған дейін бұл оқу мекемесінде 7 пән оқытылып келсе, қазір 14 пәннен дәріс жүргізіледі. Оқу бағдарламасына этнография, тарих, информатика, психология, саясаттану, қажылыққа даярлық курсы, халал стандарттар жүйесі сабақтарын енгіздік. Бас мүфти Діни басқарма жанынан халал бөлімін ашу туралы бастама көтерген болатын. Біздің имамдар да мал бауыздаудың шариғи тәртібін, халал тағамдардың сапасын анықтайтын дәрежеге жетуі тиіс. Осы бағытта біз халал стандарттар жүйесі сабағын жүргізіп келеміз.
Ең көп сағат (54 сағат) Құран сабағына бөлінді. Өйткені, әр имам Құранды жақсы әрі тәжуид ережесіне сай оқуы тиіс. Бұдан бөлек елге танымал тарихшы, ғалымдар мен ақын-жазушылардың ғибратты дәрістерін ұйымдастырып отырмыз. Сонымен қатар тек сабақпен шектеліп қалмай, имамдар арасында футбол, теннис, т.б. спорттық шаралар өтуде.
– Дін қызметкерлерінің ілім алып, тәжірибе жинақтауы үшін тағы қандай шараларды ұйымдастыруды көздеп отырсыздар?
– Екі ай мерзім ішінде имамдардың жан-жақты ілім жинақтап қайтуы үшін барынша игі жобаларды жүзеге асырып келеміз. Мәселен, қазір тест жүйесі әлемде мойындалған жоба. Осыған орай, имамдардың алған пәндеріне сәйкес, кезең-кезеңмен тест тапсырады. Әр 15 күн сайын білімдері сыналады. Дәріс беретіндер Мысыр, Түркия елдерінде оқыған білімді, сауатты, тәжірибесі мол ұстаздар. Құранды толық жаттаған қари азаматымыз Құран оқуды, жаттауды үйретеді. Сондай-ақ Діни басқарманың, «Нұр Мүбәрак» университетінің оқытушылары, ғалымдары, Алматы қаласының тәжірибелі имамдары өз әріптестеріне сабақ береді әрі осы институтта дәріс тыңдауда.
– Ауылдан келген имам ақсақалдар да ілім алады екен деп естідік.
– Иә, ауылда беделі бар, халықты бірлікке, имандылыққа ұйытып келе жатқан ақсақал имамдарымыз да «қартайдым-ау» демей ілімін жетілдіріп жатыр. Айлық алмай, мешіт ұстап, жұма, айт, бес уақыт намазды өткізіп жүрген жасы ұлғайған аталарымызға тек алғыс айтамыз. Оларға Алла разы болсын. Кейде әлгі ақсақалдарымыздың сабақ үлгерімі мен жаңа технологияларды бірден игеріп кете алмай жатқанына түсіністікпен қараймыз. Себебі, мешітті ұстап тұру оңай шаруа емес.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Дәрісханалар санын көбейтіп, кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Институтты күрделі жөндеуден өткіздік.
Институтымызда ғалымдардың дәріс беруін үйлестіріп отырған Діни басқарма қызметкерлері мен Бас мүфтиімізге алғысымызды білдіреміз.
Сұхбаттасқан Әлімгерей БЕКСҰЛТАН
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.09.2014
3581
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру