Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жексенбідегі жүздесу

15.09.2014 3646 0 пікір

«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы жексенбінің кешінде елордалық мұсылман қауымына шариғатымыздағы отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесі тақырыбында уағыз айтты.

Сәждеде бас иген елордалық мұсылман жамағаты шам намазынан соң бас имаммен тізе түйістіре отырып, салиқалы сұхбат құрды. Бұл кеште бас имам отбасы мәселелері, исламдағы бала тәрбиесі, әйел затымен болған қарым-қатынас жайында асыл дін мен баба дәстүрі негізінде әңгіме өрбітті.

«Отан – отбасыдан басталады» деп бастады әңгімесін бас имам. «Ел шаңырағының биік болуы отбасы босағасының берік болуына байланысты. Мемлекетіміздің мықты болмағы басшысының даналығы мен көрегендігіне байланысты болатыны сияқты, отбасының берекелі күн кешуі де ер мен мен әйелдің иманында, мінезінде, тақуалығында. Иісі мұсылман баласының Раббысы түсірген Құраны мен әз пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.с.) өсиет етіп қалдырған сүннетімен болған қарым-қатынасында. Кім Құдайдан қорқып, әйелі, бала-шағасына, ата-анасына, туған-туыс, бауырларына дұрыс қарап, көркем қатынас жасаса, міне, сол адам Раббысымен дұрыс қатынас жасағаны. Бұл жайында шариғатымызда «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы, ата-ананың ашуы – Алланың ашуы», «Сендерге Алла тек өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып (қалжырап) қалса «үһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де ізетті болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілмен бас иіңдер. «Аллаһым, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рахымдылық ете гөр!» деп айт» («Исра» сүресі, 23-24 аяттар) делінеді.

Ислам шариғаты осылай  отбасылық қарым-қатынасты жүйелеп, ер мен әйелдің, ата-ана мен балалардың құқықтары мен міндеттерін  айқындап берді. Қазақы таныммен айтар болсақ, отбасы – өмірдің тұтқасы, жан балқытар жылуы. «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» дейді қазақ. Босағаның берік болуы әйелдің иманына, әйелдің дұрыс болуы ерінің онымен болған қарым-қатынасына байланысты. Себебі, ардақты пайғамбарымыз «Сендердің жақсыларың әйелдеріңмен көркем қарым-қатынас жасағандарың» дейді.

Бүгінді таңда ажырасу дертінің күн санап өсіп жатқандығы көңіл қынжылтады. «Үйлену – оңай, үй болуы – қиын» десек те, ерінің жеңінен ұстап, босаға аттар сәтте әр әйел заты бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деген ниетпен келсе, отбасында туған кез келген мәселе өз шешімін табар еді деген үміт басым».

Өкіл имамның санаға салмақты ой салған уағызы мұнан соң отбасы мүшелерінің хақы төңірегінде жалғасты. Отбасы, расында, имани қорған. Шариғатымызда «үйлену – діннің жартысы» делінеді. Ері түзде жүргенде отбасының ар-намысы мен мал-мүлкінің жауапкершілігі әйелге аманат. Ал, әйелі мен бала-шағасының нәпәқасы, ата-аналарының жай-күйі еріне аманат. Бір-біріне қорған, бір-біріне сүйеніш, жұбаныш. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 187-аятында: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімдерісіңдер» деп, жұбайларды бір-бірінің денесін суықтан, ыстықтан қорғайтын, рухты түрлі зиянды нәрселерден қорғайтын киімге теңеген.

Балаға дұрыс тәлім-тәрбие бері ісі де ата-ананың мойнындағы жауапкершілік. Дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп, атадан мирастыққа мал-дүние қалдыруды емес, талмай-жатпай еңбек қылып, саялы бақша егіп, тал-дарақ отырғызуды бұйырады. Бұл турасында пайғамбар өсиетінде «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» делінеді. Сондай-ақ, Әбу Дәуіттен жеткен тағы бір хадисте «Сендер қиямет күні аттарыңмен және әкелеріңнің есімімен шақырыласыңдар» дейді.

Осылайша баба дәстүрі мен асыл діннің үкімдерімен біте қайнасқан отбасы құндылығы, ер мен әйел хақылары, бала тәрбиесі жайында айтылған Наурызбай қажының уағызы ізгі сахабалардың «Баланың ізгі болуы – Алла Тағаладан, ал әдептілік – әкеден» игі сөзімен түйінделді. Отбасы төңірегінде айтылған әсерлі әңгіменің қамтыған тақырыбы да ауқымды болды, себебі, отбасы мүшелері, ол – ата-ана, әйел, ер, бала-шаға, ағайын-туыс. Әлбетте, осылардың әрбірінің хақысын беру – діннің негізгі үкімі. Алланың бізге бұйырғаны да осы. Мейірім мен бейбіт тірлік кешуге шақыратын Ислам шариғаты тақырыбында өткен бүгінгі кезекті кездесу кешінен шыққан жамағат хәкім Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп...» деген кестелі сөзіне тағы да бір ой жүгіртіп шыққандай. 

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру