Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Отбасы күні - берекелі мереке (ФОТО)

13.09.2014 8522 0 пікір

Биыл еліміз үшін, қазақ халқы үшін берекесі мол, болашағы зор мақсат-мұраттар айқындалған, соның алдыңғы легі іске асып, ел мерейі асқан жыл болды. Сөзіміздің айғағы, көктемнің алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жаңа мерекені атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасының бекітуімен енді қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні мерекесі болып аталатын болады.

«Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі. Табандылық, еңбексүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары берік отбасылық дәстүрлер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді». Бұл – айтулы мереке күні ел президентінің қазақстандықтарды мерейлі мереке күнімен құттықтауында айтылған мәні терең сөздер.

Осылайша ел болып қолға алынған айтулы мереке бүгін елорданың айшықты құлшылық үйі «Нұр Астана» орталық мешітінде бұқарамен бірге өз дәрежесінде аталып өтті.

«Мерейлі отбасы» деген атпен қолға алынған рухани кездесуге елордалық отбасылар мен БАҚ өкілдері жиылып, мазмұнды тақырыптарда әңгіме өрбіп, бірқатар ізгі істер атқарылды.

Кездесу шымылдығы қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылып, «Отбасы шаттығы» тақырыбында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай Тағанұлының сөзімен бастау алды. Өкіл имам отбас құндылықтары, шариғаттағы ер мен әйелдің орны, некенің мәні мен отбасы бақытының кілті неде деген сауалдар төңірегінде асыл дініміз бен баба дәстүрі аясында көркем насихат жүргізді.

«Қазақ – қай заманда болмасын, жесірін жауға бермеген, жетімін жылатпаған халық. Халқымыздың қай дәстүрін, қандай кестелі сөзі мен орамды ойларын, мақал-мәтелін алсаңыз да, астарында үлкен мән-мағына жатыр. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгілік өшпес мұраға айналған асыл сөздер, дәстүрлер, ұлт құндылықтары. Мұның себебі де жай емес. Себеп – бабалар сөзінің шариғат шартымен біте қайнасқандығы, бірге жасасқандығы. Сол үшін де бүгінде қазақ елі тамырын ғасырлардан терең тартып, тәуелсіздіктің ақ таңын атыруда. Бейбіт күннің берекесі мол шаттықты сәттеріне куә болып жүрген баршамыз Алла тағалаға сансыз шүкірліктеріміз бен мақтау-мадағымызды айтуды ұмытпағанымыз абзал. Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауында әр қазақстандық отбасының әл-ауқатын жақсартуға, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар міндеттеледі. Ал биыл елбасымыз тағдырдың қилы сынағына түскен отбасыларға, жетім балаларға көптеп көмек қолын созуды тапсырды. Отбасы құндылығы ел назарынан еш уақытта тыс қалмайды. Осы бағытта бүгінде өңір-өңірде мешіттерде отбасылармен тікелей қарым-қатынас жасалып, қал-қадерінше қайырымдылық шаралары өткізілуде. Соның бір парасы – жуырда ғана ел болып қолға алынған «Мектепке жол» республикалық акциясы» деген бас имам ел игілігіне бағытталған ауқымды шаралардың мешіт назарынан еш уақытты тыс қалмайтындығын жеткізді.

Бүгінгі отбасы күніне орайластырылған шара да ұлт болашағы мен ел іргесінің берік болуы мақсатында өткізіліп отырғанын айта кетуіміз қажет. Себебі, ынтымағы жарасқан отбасы – Отанның мызғымас іргетасы болары хақ. Ақ ниетпен мешітке қадам басқан отбасыларға  исламдағы отбасы, саналы ұрпақ тәрбиелеу, шаңырақ шаттығы тақырыптарында сүбелі сөздер, орамды ойлар айтылып, көпшілік көкейінде жүрген сансыз сауалдың жауабын алды.

Бұдан соң мереке күні мешітте некесін қидыруға ниет еткен Ерік пен Диана Әубәкіровтардың ақ некесі қиылып, көпшілік екі жастың куәлік сөздеріне куә болды. Бас имам жас отбасыға неке куәлігі мен асыл дінді дәріптеген құнды кітаптар сыйға тартты. Ал, Дін істері комитетінің қызметкері Еркеш Қожбанханның таяуда ғана жарық дүние есігін ашқан сәбиіне Бас имам азан шақырып, шариғат жолымен есімін қойды. «Бүгінгідей шаралар халық үшін өте пайдалы, әсіресе отбасын жаңа құрып, оң-солын тани бастаған жас отбасылар үшін өте қажет. Бұл ретте мешіт ұжымы әрдайым үдеден шығып, көкейдегіні дөп басады. Бас имамы Наурызбай Тағанұлына, барша дін қызметкерлеріне алғысымыз шексіз» деп ыстық ықыласын білдірді Еркеш Қожбанхан.

Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі отбасылардың саны 4 миллионнан асып отыр. Елордадағы Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандары АХАТ бөлімдерінің ресми деректеріне назар аударсақ, биылғы жылдың басынан бері Астана қаласы бойынша 1200-ден астам азаматтың некесі тіркелген. Бүгінгі күнге дейін олардың 460-сы ажырасып үлгерген. Қайта табысқандардың саны онға да жетпейді. Ал бүгінгі рухани кеште өкіл имамның айтуынша жыл басынан бері мешітте некесін қидырған отбасы саны 700-ден асыпты. Атап өтерлігі, осы кезге дейін бұл отбасылардың ешбірінде ажырасу фактілері тіркелмеген. Бұл да болса ізгі ниет пен игі тілектен бастау алған қарекеттің қайырлы болатындығын көрсетсе керек. Мемлекеттік сипатта қолға алынған «Отбасы күні» мерекесі жастардың жарасым табуына тәрбиелік тұрпатта ұйымдастырылып, қолға алынса, жоғарыда көрсетілген көрсеткіштер оң сипатқа ойысар ма еді деген үміт басым. Әдемі кештен алған әсеріміз, көкейге түйгеніміз осы болды. 

Жайық НАҒЫМАШ
ummet.kz 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру