Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ағайын арасын жарастырған кеш

03.09.2014 3600 0 пікір

«Нұр Астана» орталық мешітінде елордалық мұсылман жұртшылығына арналып дастархан жайылды. Айта кету керек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі болып саналатын орталық мешітте жамағаттың басын қосып, дастарханнан дәт татқызу, салиқалы отырыс жасау бүгінде игі дәстүрге айналған. Ізгі ниетпен жайылхан дастарханға 250-ден аса адам жиылды.

Жиылған жұртшылық алдында бұл кештің мән-маңызына тоқталған ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы кештің мақсатын тағы бір еске салды. «Қадырменді ағайын. Бүгінде баршаға мәлім, осындай дастархан басында бас қосу, ас беру мешітімізде қалыптасқан үрдіс. Мақсат – бір-бірімізге деген бауырмалдығымызды арттыру, қарым-қатынасымызды көркейту. Біз елдің болашағы да, бақыты да татулық-бірлікте екенін жете ұғынған кешегі дана халықтың ұрпағымыз. Бірлікті сақтау, ынтымақта тірлік ету – бізге парыз. Алла Тағала бұл жайында Құран Кәрімнің «Әли-Ғимран» сүресінің 103-аятында: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» дейді. Ал ардақты елші Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.): «Мүміндер кірпіштен қаланған бір ғимарат іспеттес» деп, біздерге бірлікте тірлік кешуге шақырады. Осында Алланың үйіне жиі бас сұғатын ақсақалдарымыз бар. Көргені мен түйгені мол ақсақалдарымыздың сөздеріне құлақ асайық. Жамағаттың, ағайынның бірлігін арттыруға үндейтін ой-пікірлеріңізді іркілмей ортаға салыңыздар. Асыл діннің аманатын жұрт болып жұмылып көтерейік, көркейтейік» деп ойын түйген бас имам Исламдағы бірлік, мұсылманның сипаты, көркем мінез төңірегінде салиқалы уағыз айтты.

Бұдан соң «Нұр Астана» мешітінің найб имамы Жандос Айтбай "Амалдағы ықылас" тақырыбында уағыз айтып, найб имам Абдусамад Махат жамағаттың көкейінде жүрген сан сауалдың шариғи жауаптарын берді.

Биылғы жыл ҚМДБ-ның бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланғаны баршаға белгілі. Осы бастама аясында елордалық өкілдік «Нұр Астана» мешітінде жыл басынан бері ағайын арасындағы бірлікті жарастырған түрлі деңгейдегі шаралар өткізілді. Атап айтсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа жолдауында атап өткен салауатты өмір салтын көтеруге бағытталған «Салауатты жамағат» спорттық ойындар жарысы, «Теңбіл доп» футбол турнирі, Ережеп, Шағбан айындағы ауызашар астары, Ораза айт мерекесінде өткен ұлттық спорт сайыстары, т.б. осы сынды жамағат ынтамағын, бірлігін нығайтуға арналған шараларды«Нұр Астана» мешіті жарты жыл көлемінде іске асырып, жамағатты ұйыстыра білген үлкен шаңыраққа айналды.

Бүгінгі ақ ниетпен жайылған ас соңында мешіт жамағаты Алланың үйінде елге, халыққа қалтқысыз қызмет қылуда аянбай еңбек етіп жүрген барша дін қызметкерлеріне, бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына ыстық ықыласы мен алғыстарын білдірді. Ал ақылы дария ақсақалдар жердің тыныштығы мен  елдің бірлігінің артуын тілеп, бата берді.

Жайық НАҒЫМАШ,
«Нұр Астана» орталық мешітінің
баспасөз қызметі 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру