Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Зеленов ауданынан жаңа мешіт салынбақ

02.09.2014 3387 0 пікір

Зеленов ауданы, Переметный ауылында жаңа мешіт құрылысының қазығы қағылды. Бұған дейін орталық мешіт бұрынғы автобекет ғимаратында орналасып келген болатын. Аудан тұрғындарының қалауы бойынша жаңа мешіт салу бастамасын алғаш болып қолға алған Зеленов  ауданының әкімі Кәрім Жақыпов іскер азаматтардың басын қосып игі іске жұмылдырды.

– Халқымыз қалаған шаруаның үдесінен шығу менің және ауданның атқа мінер азаматтарының абыройлы борышымыз. Көтерілген бастаманы қолдай жөнеліп, іске кіріскелі отырған іскер азаматтарға алғысым шексіз. Игі істің орайы келіп, халық игілігіне асар құтты мекенге айналғай. Бәрімізге жаңа мешітте сап түзеп Алла жолында мінәжәт етуге нәсіп етсін, – деді, аудан басшысы іргетас қазығын қағу салтанатында.

Шараға арнайы келген Орал орталық мешітінің найб имамы Марат Асанов аудан жұртшылығын мешіт құрылысының басталуымен құттықтай келе:  – Халқымыз тілі мен ділін, асыл дінін құрмет тұтып, өмірлік мызғымас тірегіне айналдырып келеді. Ұрпақ санасында ата-бабадан қалған асыл мұраға деген зор мақтаныш сезімі қалыптасып, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеті орныға түсті. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас – демекші ел азаматтары қолға алған қасиетті істі ел қолдауға, белсенді атсалысуға шақырамын – десе, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жеткен Қарашұлы мешітті салу бар да, оны талапқа сай ұстау бар екендігіне тоқталып, аудан басшысының айтулы бастамасына ризашылығын білдірді.

Мешіт құрылысының мердігері болып жергілікті «Нира»ЖШС-і бекітілсе, облыс көлемінде іргелі құрылыс нысандарын салып жүрген «СВ Плюс» ЖШС-і құрылыс материалдарымен қолдау білдірмек. Бұл тұрғыда игі істен жамағат та шет қалмайды деп ойлаймыз.

Нұрлан САМАТҰЛЫ, 
ҚМДБ-ның БҚО бойынша
баспасөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру