Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам сауда орталығы ашылады

28.08.2014 5043 0 пікір

Елімізде тұңғыш әрі бірегей «Мұсылман» көтерме сауда орталығы» шаңырақ көтерді. Қазақстанда халал индустрияның іргесі бекімей шатқаяқтап тұрған шақта  мұндай сауда орнының дүниеге келуі  ел мұсылмандары үшін маңызы зор елеулі оқиға болмақ. Халал индустрияны дамытуға ұйытқы болар осынау игі шара халықты халал тауарлармен қамтамасыз етуді алдына мақсат етіп қойып отыр. «Асы саудың – дені сау», – демекші денсаулығы мықты халықтың рухы да күшті болады.

Сауданы адал жүргізетін сатушылар жайында пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ең таза және адал табыс – сауда жасайтындардың табысы», – деген.   Демек, сауда жасау маңызды кәсіп болмақ.  Сауда орталығы Алматының  Көк базары іргесінде орын тепкен «Мегатау» ғимаратының үшінші қабатында. Мұнда 70-ке жуық сауда дүңгіршектері өз тауарлары мен бұйымдарын тұтынушыларға ұсынады. Оның ішінде хижап, киім-кешек, төсек орын жаймалары, иіс сулар, Дін істері комитеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы сараптауынан  өткен діни әдебиеттер мен бейне және үн таспалар келушілер назарына ұсынылады. Сондай-ақ, «Мұсылман» суда орталығында арнайы намазхана, шығыс-еуропа тағамдарының халал асханасы, «Халал про» шағынмаркеті, той киімдері мен жас жұбайлардың киім салоны, шығыс медицина массажы, мұсылмандарды еңбекпен қамту орны және салт басты, сабау-қамшы бойдақтарды таныстыру қызметі жұмыс істейді.

Ертең, яғни жұма күні тамыздың 29 жұлдызында сағат 10.00-де «Мұсылман» көтерме сауда орталығының тұсаукесер рәсімі өтеді. Оған келем деушілерге есік ашық. Осынау игі шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен «Ата-баба дәстүрі – мұра» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.

Діни басқарманың баспасөз қызметі: 397-63-97

Ұйымдастырушы:
«Ата-баба дәстүрі – мұра» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық қоры және «Мұсылман-Мусульманин» журналының редакциясы

Байланыс телефоны: +7 707 829 11 07 Сандуғаш

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру