Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған акция

26.08.2014 3221 0 пікір

Республика аумағында жыл сайын үкімет тарапынан бастап, жергілікті әкімдіктер, білім басқармалары жаңа оқу жылына барша бүлдіршіндердің толықтай қатысуларын қамтамасыз ету, оқу құралдары мен киім-кешектерін алуына жағдай жасау мақсатында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып келеді.

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған жолдауында «Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлықты арттыру керек. Қазақстан олар үшін әрдайым мейірім мекені болуы тиіс. Тағдырдың тәлкегіне түскен адамдар біздің қоғамда бар. Және олар аз емес. Жарты миллионна аса адам осы санатқа жатады. Оларға қарайласу, қамқорлық таныту біздің ар алдындағы, адамзат алдындағы борышымыз, қажет десеңіздер Аллаһтың алдындағы міндетіміз» деп, қоғамның назарын тағдырдың тәлкегіне түскен отандастарымызға, мүмкіндігі шектеулі жандарға аудартты.

Имам Бұхари мен имам Мүслімнен келген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жесір мен жетімге көмектесу Алла жолында жихад қылғанмен тең», – деген. Ал Имам Мажәһдан жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін істегендер Алла жолында жихад қылған әрі түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты», – дейді. Асыл діннің үкімі мен ел дамуының негізгі мақсатының бір бағытта екендігін байқатқан сондай бір игі шара бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде өтіп, онда жаңа оқу жылын асыға күтен бүлдіршіндерге қажетті оқу жабдықтары таратылды.

Тамыз айында ата-аналар балаларына мектепке қажетті оқу құралдары мен керек-жарақ, киім-кешектерін әзірлеуге көшеді. Бұл кезде жоқшылық қолын байлап,  осы көштен кейіндеу қалатын отбасылар да бар екенін еске салған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ізгі іске атсалысып, қол созған азаматтарға да алғысын білдірді. «Жақсылықта жарысып, сауабын бір Алладан күткен кәсіпкер азаматтарға баршамыз Алланың сансыз сауабы мен рахымын тілейміз. Алла алдарынан жарылқап, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін» деп, Наурызбай қажы Жаратқаннан елдің тыныштығын, ағайын арасындағы татулық пен берекенің артуын тілеп, дұға жасады.

Бұл кеште бүлдіршіндердің риясыз қуанышына шомылған ата-аналар да ризашылықтарын жасыра алмай, игі іске мұрындық болған барша азаматтарға, аталмыш шараны өткізуге ұйытқы болған «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына, барша дін қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Айта кету керек, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы айқындап берген төрт бағытты іске асыру мақсатында ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешіті «Мейірімділік мекені» шарасын қолға алып, жұмыс жүргізіп келе жатқанына да бірталай уақыт өтті. Ел игілігіне қызмет етуді басты міндетіне айналдырған «Нұр Астана» орталық мешіті республикалық акцияға өзіндік үлес қосуды мақсат тұтып, жыл сайын айтулы акция аясында қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Бүгінгі бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған акция да «Мейірімділік мекені» жобасы аясында өткізіліп отыр. Республикалық деңгейде қолға алынған бұл акция аясында «Нұр Астана» орталық мешіті мен «Әзірет Сұлтан» мешітінде 250 оқушы, «Ғылмани» мешітінде 100 бүлдіршін, жалпы саны 600 бала мектеп формасы, оқу құралдары мен жабдықтарымен қамтамасыз етілді. 

«Нұр Астана» орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру