Бүгінде тағдыр тауқыметіне ұшыраған талай жас аналар өзегін жарып шыққан бауыр еті баласынан бас тартып, оларды балалар үйіне өткізуге мәжбүр болғандарына куә болып жүрміз. Таразда жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен осындай жандарға арналған аналар үйі ашылды.
Онда тұрмыс тауқыметін көтере алмай, сәбиін туа сала, тастап кетпек болған қыз-келіншектерге қолдау көрсетіледі. Жас аналар сәбиімен бірге осында бір жарым жыл қоныстанып, киім-кешек, азық-түлікпен тегін қамтылады. Ашылғанына небәрі бір жарым ай болған үйді бүгінге дейін 7 бұрымды паналапты. Әзірге бұл қайырымдылық үйі 10-12 анаға шақталған. Жалғыз басты жас аналар мұнда моральдық, психологиялық көмек алады. Оларды арнайы оқыту және жұмыспен қамтамасыз ету жағы да қарастырылған. Бүгінде елімізде 54 балалар үйі бар. Онда 10 мыңнан астам бала паналайды. Ал жылына 1500-дей бала жетім қалады. Олардың басым көпшілігі – тастанды және ата-аналары бас тартқан нәрестелер. Көкек аналардың 30%-ы бұл әрекетін баланы асырай алмайтындығымен түсіндіреді. 50%-ы жалғыздықтан тастап кетсе, 10%-ы ата-анасы қарсы болғандықтан бас тартады.
Жоқ жітік пен мұқтаж жандарға көмек қолын созар жомарт жаржардың ортамыздан табылып жатқаны қуантарлық жайт. Дінімізде жетім-жесір мен кедей-кепшік мәселесіне ерекше мән берілетіндігі белгілі. Имам Бұхари мен имам Мүслімнен келген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жесір мен жетімге көмектесу Алла жолында күрес қылғанмен тең», – деген. Ал Имам Мажәһдан жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін істегендер Алла жолында күрес қылған әрі түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты», – дейді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.08.2014
3768
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру