Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Балаларға базарлық үлестірілді

19.08.2014 3307 0 пікір

Жаңа оқу жылы қарсаңында әр облыстарда «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шаралары қолға алынды. Науан хазрет атындағы Көкшетау орталық мешіті мен «Зекет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен биыл 500 балаға сөмкелерге оқу құралдары салынған жабдықтар таратылды.

Мешіт пен «Зекет» қоры мұндай шараларды жүйелі ұйымдастырады. Тек, аталған Зекет қоры ғана жыл басынан бері 5 миллион теңгенің қайырымдылықтарын жасады. Атап айтсақ, Рамазан айында жетім-жесірлерге азық-түліктер таратылып, киім-кешектер үлестірілді. Мүгедек жандарға да қайырымдылық астары  жайылды.

«Мектепке жол» акциясы шарасына 500-ге жуық ата-аналар мен олардың балалары жиналды. Шараны кіріспе сөзбен ашқан «Зекет» қайырымдылық қорының Ақмола облысы бойынша өкілі Ерболат Шәріпов бұл қайырымдылықтың мәні мен маңызына тоқталды. Ол осындай қайырымдылық істер алдағы уақытта да жалғасады деді.

Мешітке жиналған ата-аналар мен балалар алдында жас шәкірт Мұхаммед Қанатұлы Құран оқыды. Ал, облыс имамы Қанат Қыдырмин уағыз айтып, білім жайлы тағылымды әңгіме қозғады. Онда ислам дінінде білімге ерекше көңіл бөлетіні, білімді іздеу де шариғаттағы ең ізгіліктің бір көрінісі екені тілге тиек етілді.

Ең бастысы, дін жаны жабырқаған жандарға қашанда қол ұшын беріп, қолдау білдіреді. Бұл исламның ең ізгі сипаттарының бірі болса керек.

Мешіттің іс басқарушысы Жүнісбек Әленов бата беріп, қайырымдылыққа қаныққан жандарға өмірдің ізгі жақсылығын тілеп,  Алла тағала мейір-шапағаты төге берсін! – деп ақ тілегін жолдады.

Осы күні аз қамтылған отбасылардың және  жетімдер үйінің балалары 5 мың теңгенің көлемінде сөмкеге салынған оқу құралдарына ие болды. Өз кезегінде олар да мешіт пен зекет қоры ұйымдастырған қайырымдылыққа өздерінің ризашылықтарын білдірді.

Бақыт Смағұл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру