Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Мектепке жол» акциясы өтті

14.08.2014 4220 0 пікір

Бүгін мешітімізде ерекше күн. Мектепке барушы оқушыларға оқуға қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Жаңа оқу жылын асыға күтіп жүрген балалар жаңа заттарын көріп, қуанып мәре-сәре болды. Риясыз көңілдерінің көтерілгенін көріп бізде қуанып қалдық.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында Республика деңгейінде «Мектепке жол» атты акциясы өткізіледі. Биылда Қарағанды облыстық орталық мешіті бұл акциядан қалыс қалмай, тамыз айы басталғалы қызу дайындыққа кіріскен болатын. Аталмыш акцияның мақсаты – балалардың 1-қыркүйек күні жаңа мектепке қажетті құрал-жабдықтарды алып баруына азда болса көмек көрсету. Бастысы балаларға мейірім мен қуаныш сыйлау.

Бұл үрдістің бастауына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «Бүгінгі таңдағы ауыртпашылықтар — біздің үлесімізге тиген алғашқы сынақ емес, барлық қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-аухатын жақсарту аса маңызды міндет болып қала береді. Сондықтан қазақстандықтарды аталған іс-шараларды жүзеге асыруға, еңбексүйгіштікке және қайсарлық танытуға, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуге және қамқорлық көретуге шақырамын» деп баса айтқан болатын. Жоғарыда айтылған жолдаудың аясында қайырымдылық жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп келеді. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының ұйымдастыруымен бүгін де міне, мешітімізге ата-аналар мен балалар, телеарна тілшілері және мешіт ұжымы жиналды. Мешітіміздің өкіл имамның уақытша міндетін атқарушы Дархан Асылтайұлы бүгінгі іс-шараның аясында кеңінен айта келе, жаңа оқу жылына аяқ басқалы тұрған балаларға сәт-сапар тіледі. 100-ге жуық балаға мешіт атынан әр біріне жаңа сөмкелер, дәптерлер, қаламдар және сан түрлі тәттілер үлестірілді. Бүгінгі іс-шарада мешіт ұжымымен қоса «Зекет» қорының 30 балаға арналған сый-сияпаттары табысталды.

4 баланың анасы Жанар: «Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған бас имам Өмірзақ Қазкенұлына және ұжымына алғыс білдіремін. Алланың нұры жаусын. Биыл бірінші рет қатыстық, дән риза екенімізді айтамын. Мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса біз секілді көп балалы отбасыларға үлкен көмек демеу, қолдау, болар еді» деп өз қуанышымен бөлісті.
Осылайша қаламыздың тұрғындары нөсерлеп құйған жаңбырлы күнге қарамастан іс-шарамызға қатысып, разылықтарын айтып тарасты. 

Қарағанды облыстық
орталық мешітінің баспасөзі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру