Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ізгіліктің ізімен

06.08.2014 3152 0 пікір

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жарияланған «Дін мен дәстүр» жылы аясында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ел имамдарына бірқатар бағыттар бойынша жұмыс істеуді тапсырған еді. Осы бағыттардың ішінде – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, мұқтаж жандарға қол ұшын созу маңызды істер қатарында.

Кеңшілік пен мейірімнің, ізгіліктің айы – Рамазанда елорда мешіттерінде қайырымдылық шаралары көптеп ұйымдастырылды. ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы елорда имамдарының басын қосып, мұндай ізгі шаралар бір аймен ғана шектелмей, әрдайым ұйымдастырылып тұруы керектігін айтып, бұқарамен тығыз қарым-қатынас жасауды тапсырған болатын.

Қайыры мол қадірлі айда бастау алған игі шаралар шәуал айында да жалғасын тауып, әлеуметтік жағдайы төмен бірнеше отбасыларға көмек көрсетілді. «Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы Асхат Сәлімовтың айтуынша мұндай маңызды шаралар қалыптасқан дәстүрмен жыл бойы үзілместен өткізіліп келеді. «Асыл дініміз адамзатты мейірімді, кең пейілді болуға шақырады. Шаңырағына келген адамды құдайы қонақ деп, астындағы атын сойып беретін жомарт, мәрт баба ұрпағы ізгілік жолынан айнымақ емес. Жұрт болып жұмылып, сауабы мол ізгі істерге атсалысып жүрген кісілер де осы ағайын-туғанның, елдің ішінен шығып жатыр» деген найб имам шәууалдағы шарада 28 отбасы қамтылғанын жеткізді.

Осы отбасының барлығына да азық-түлік таратылып, 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Асхат Сәлімов тағдырдың сын-сынағына мойымай келе жатқан жандарға материалдық көмек қана емес, рухани қолдау көрсету де маңызды екенін айтты. Осыны қаперде ұстаған мешіт ұжымы әр отбасыға материалдық көмектен бөлек, асыл діннің кәусарымен сусындатар діни кітаптарды да сыйға таратты. 

Жайық НАҒЫМАШ 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру