Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Медресеге шәкірттер қабылдануда

05.08.2014 3537 0 пікір

Қасиетті Құран Кәрімде: «Сондай Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса Ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен», – деп бұйырады.  («Ғалақ» сүресі, 1-5 – аяттар)»

Құран аяттары мен Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың хадистері мұсылмандарды әрдайым білімге, ғылымға үндейді. Ислам діні білімді бағалайтыны ақиқат.

ҚМДБ-ның Павлодар облысындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесіне 2013-2014 оқу жылына жаңадан шәкірт қабылдау емтиханы жүргізіліп өтті.  ҚМДБ-ның Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бейсенбаев Бақтыбай Қыдырбайұлы, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі  Шоқанов Сансызбай Құрбанұлы және ҚМДБ –ның Оқу-ағарту бөлімінің қызметкері Сиқымбаев Жеңіс қатарлы арнайы комиссияның сараптауымен Шығыс Қазақстан облысы, Семей өңірі, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарынан келген 25 талапкермен  жеке-жеке  сұхбаттасты. Сондай-ақ талапкерлердің  Қазақстан тарихымен қазақ тілі бойынша білімі өңіріміздегі  жоғары оқу орындарының білікті оқытушы-профессорларының қатысуымен арнайы тест бойынша тексерілді.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Исенов Нариман:

 «Білім алу – адамды Алла Тағалаға жақындата түседі. Қасиетті Құранның адамзат баласына түсуінің басты мақсаттарының бірі де – тура діндегі жандарды білім суынан сусындауға шақырған.  Құран Кәрімде Алла есімі 2800 жерде және Раббы сөзі 950 рет ең көп кездеседі, олардан кейін үшінші Ілім сөзі, ол Құранда 750 рет айтылған. Алдағы оқу жылына жаңадан 30 шәкірт қабылдау жоспарланған болатын. Аталмыш медреседе шәкірттердің білім алуына жан-жақты мүмкіндік толық жасалып, ұстаздардың құрамы да білімді де білікті мамандармен толыққан. Ел қамымен келешегін ойлайтын рухани бай жастарды тәрбиелеу үшін мемлекетіміздегі білім ошақтарында діни сауат ашуды әрдайым дамыту біздің мақсатымыз», – деді.

Алла Тағала  Құран  Кәрімде ұсынған қасиетті қағидаларды өмірлік мұратымызға айналдыру, рухымызды жаңа деңгейге көтерумен моралдық – материалдық жетістікті дамытып, білім арқылы адалдықтың ақ жолын табу ісінде табыстан-табыстарға жете беруді нәсіп етсін!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру