Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мешітте қайырымдылық шарасы өтті

05.08.2014 3517 0 пікір

Жақында Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешіті мен «Зекет» қорының облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен аз қамтылған отбасыларға азық-түлік және киім-кешек салынған пакеттер таратылды.

Бұл жолы 250-ге жақын отбасы осындай қайырымдылыққа ие болды. Мешітке жиналған жамағатқа найб имам Рахметолла Оразұлы, іс басқарушы Жүнісбек Әленов және «Зекет» қорының өкілі Ерболат Шәріпов сөз сөйлеп, уағыз айтты. Онда мұсылман дінінің ең басты ізгілігі – адамдарға қайырымдылық жасау екенін атап көрсетті. Қазіргідей қиын-қыстау заманда таршылықтың қиындығын көріп отырған отбасылар да аз емес. Сондықтан, демеушілердің қаражаты есебінен көмекке зәру  адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бұл жолы барлығы 1 миллион теңгенің көлеміндегі азық-түлік және киім-кешек үлестірілді.

Әлеуметтік көмек алғандардың қатарынан зағиптар қоғамының төрағасы Дүйсенбай Ақышев мешітке өзінің алғысын жолдады. Өйткені, Алланың үйі діни мерекелерде осындай зағип жандарға қашан да қол ұшын береді. Ал, Көкшетау қаласының тұрғыны Зинаида Симонова ислам дінінің адамдарды ұлтына, тіліне, дініне бөлмей, осылай қайырымдылық жасап келе жатқанына риза екенін білдірді.

Бұл да ислам дінінің адамдарды тағдыр тәлкегінде қалдырмай, өзінің қамқорына алатын қайырымдылығының бір көрінісі болса керек.

Бақыт СМАҒҰЛ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру