ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен 2014 жыл «Дін мен дәстүр» жылы болып аталуына байланысты ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан қасиетті дінімізді насихаттау, жастардың түрлі ағым-секталардың жетегінде кетудің алдын-алу мақсатында Павлодар облысына қарасты ауыл, аудан, қала мешіттері әртүрлі рухани шаралар көптеп ұйымдастырып, келелі кездесулер, уағыз-насихаттар тұрақты жүргізіп келеді.
Солардың бірі ретінде шәууал айының алғашқы күні облысымызға, елімізге танымал көркемсөз шебері, жыршы Даниял Сабырұлының қатысуымен орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кітапханасында «Жыр тыңдау» тақырыбында кеш ұйымдастырылды. Кешке аға буын өкілдері, жастар, жырқұмар жамағаттар қатысты. Аталмыш кеште Даниял Сабырұлы ағамыз Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ықылас» толғауы және «Қыз Жібек» жырында көрініс тапқан қазақ тұрмысындағы имандылық иірімдері бағытында аталмыш жырдан кең көлемде үзінділерді жатқа оқыды. Көрермендер де тұщына тыңдады.
Даниял Сабырұлы ағамыз «Қыз Жібек», «Қозы көрпеш-Баян сұлу», М.Жұмабаевтың «Батыр Баян», Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» жырлары қатарлы көптеген өлеңдері мен ппоэмаларымен қатар Абай атамыздың барлық өлеңдері мен қара сөздерін толығымен жатқа біліп қана қоймай көркем де шебер орындайтын үлкен дарын иесі. Кеш соңында Даниял ағамыз: - Жыршы ретінде жастарға айтарым мынау: Біздің буынның көптеген өнер иелері бабаларымыздан қалған асыл мұраны – дәстүрлі әндерді, күйлерді, терме-жырларды мейлінше табиғи қалпын бұзбастан бүгінгі күнге жеткізді. Ендігі біздің аманатымыз келер буынға табиғи бояуын бұзбаған саф күйінде жетсе екен дейміз. Әрлеу бөлек. Ал, табиғи қалыпта ата-бабаларымыздың барлық болмыс-бітімі жатыр. Бүгінгі ұрпақ ұлы аманаттың осындай қасиетін естен шығармауы тиіс деді.
Кеш соңында ҚМДБ-ның өкілі, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің Бас имамы Н.Исенов жыршыға үлкен алғысын білдіре келе, «Алғыс хат», діни кітаптармен қоса қасиетті Құран Кәрімді сыйға тартты.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.08.2014
3155
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру