Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Паң Нұрмағамбет мешіті Ораза айт мерекесін тойлады

31.07.2014 4363 0 пікір

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының шешімімен 2014 жыл «Дін және дәстүр» жылы деп жарияланған еді. Осы игілікті іс шараның шеңберінде өлкелерде халықтың салт-дәстүрін дәріптеп, дәстүрлі дінімізді насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Осыған орай Степногорск қаласының Паң Нұрмағамбет мешіті Ораза айт мерекесін ерекше атап өтті.

Айт -  сөзі мереке, мейрам деген түсініктерді білдіреді. Отыз күн бойы оразаларын ұстап, қасиетті айды құлшылықпен өткізген мұсылман адамға сансыз сауаптар жазылады. Осы қасиетті айдан кейінгі Ораза айт мерекесі барша мұсылман қауымының арасында бауырмашылдықты, бірлікті арттырып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, жағдайы нашар отбасыларға қол ұшын созып, көмек көрсетуге тағы бір мүмкіндік тудыратын мереке. Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Аллаһ тағаланың рахымына бөлейтін амалдар.

Айт намазы оқылған соң, мешіт ауласында мерекелік шаралар басталды. 

Мерекеге орай мешіт ауласында сәнді киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылды. Мерекеге келген қала тұрғындары спорт түрлерінен өткізілген жарыстарға қатысып, тамашалады. «Паң Нұрмағамбет» мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит мерекелік шаралар мен жарысты тамашалауға келген халықты Ораза айт мерекесімен құттықтап, Ораза айы және асыл дініміздің құндылықтары жайлы уағыз айтты. «Дін және дәстүр» жылы аясында өткізіліп жатқан жұмыстардың ел бірлігі үшін, халықтың рухани және дүнияуи байлығы үшін тигізетін ықпалының зор екенін, сондай-ақ ел бірлігін сақтап, мемлекеттің дамуына үлес қосу әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.

Ауладағы алғашқы жарыс арқан тартудан басталды. Бұдан кейінгі кезекте кір тасын көтеруден жарыс басталды. Білек күшін білеу темір салып, зілтемірді қолында ойнатқан жігіттердің арасында 16 келілік кір тасын 72 рет басынан асырған Серік бас бәйгеге ие болса, Жанбай Омаров пен Жеңіс Қалайдаров кезекті орындарға тиісінше жайғасты. Жеңімпаздарға ұялы телефондар сыйға тартылды. Бұдан кейін Қазақша күрестен сайыс жалғасын тапты. 12 палуанның арасынан Ержан Сисекеев жеңімпаз атанып, бас жүлдеге тігілген қойға ие болды. Қабиден Жеңіс екінші, Мейрамбай Руслан үшінші орынға ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Игі іс-шара аясында Айт мейрамына жиналған тұрғындар арнайы дайындалған дастарханнан дәм татты. 

Паң Нұрмағамбет мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру