Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әкім Ораза айтпен құттықтады

30.07.2014 3750 0 пікір

Облыс әкімі Сергей Кулагин Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінде Ораза айт намазына қатысқан жамағатты Ораза айтпен шын жүректен құттықтап, өзінің жүрекжарды тілегін жолдады.

Қасиетті Рамазан айы бойы отыз  күн ораза ұстаған мұсылман қауымы айт мерекесін ыстық ықыласпен қарсы алады. Бұл мереке ислам күнтізбесіндегі екі ең ұлық мейрамдардың бірі саналады. Өңір басшысы көкшелік жамағат алдында сөйлеген құттықтау сөзінде ислам дінінің қоғамымыздағы ынтымақ пен бірлікті сақтауға зор үлес қосып отырғанын атап көрсетті. Жүздеген ұлт өкілі мекен еткен елімізде дінаралық татулық та жарасым тауып отыр. Мемлекет тарапынан да дәстүрлі діндерге ерекше көңіл бөлінеді. Көкшетау қаласында салынып жатқан еңселі мешіт осының бір айғағы іспеттес. Бұл дін үйі алдағы айларда мұсылман қауымға есігін айқара  ашады деп күтіліп отыр.

Облыс әкімі Сергей Кулагин барша қауымды айт мерекесімен құттықтай келіп,  олардың отбасына амандық тіледі. Еліміз гүлденіп, өсіп-өркендей беруі үшін бәріміз ортақ мүдде жолында еңбек етуіміз қажет деді.

Ауа райының қолайсыз болып, жауынның мол жауғанына қарамастан, мешіттегі айт намазына жиналған қауым да көп болды. Олардың тілегі – Алланың тарапынан парыз етілген оразаны ұстап, енді келесі Рамазан айларына  жете беру.  Жаратқан Иеміз әркімнің өзіне және оның отбасына мейір-шапағатын төгіп, ырыс-берекесін молынан төксе деген тілек әркімнің жүрек төрінде тұрды.

Облыс имамы Қанат Қыдырмин құттықтау сөз сөйлеп, Ораза айтының қадір-қасиеті жайлы тағылымды әңгіме айтты. Соңынан барша намазхан қауым имамға ұйып, Ораза  айт намазын оқыды.

Бақыт СМАҒҰЛ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру