Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ораза айт мерекесі Қызылжар өңірінде

29.07.2014 3480 0 пікір

Асыл дініміздің басты  мерекелерінің бірі Ораза айт мерекесі Солтүстік өңірде жоғары деңгейде аталып өтті. Таң сәріде облыстық «Қызылжар» орталық мешітіне келген халық облыс имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлының артына ұйып, Айт намазын оқыды. Мерекеге облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаровта арнайы қатысып, барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Айт намазынан кейін мешітке келген жамағат бір-бірімен төс қағысып, мерекемен құттықтап, орталық мешіттің ұйымдастыруымен жайылған мерекелік дастарханнан дәм тату үшін асханаға жиналды. Онда ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталар жазғы сауат ашу курстарында дәріс алған балалардың арнайы дайындаған діни өлеңдері мен тақпақтарын тамашалады. Сондай-ақ Рамазан айында жарияланған «Берекетке толы Рамазан айы» атты шығармашылық бәйгенің жеңімпаздары анықталып, Айт мерекесінде сыйлы-тармен марапаттылды.

Осыдан кейін жастар арасында мерекені сезіндіру, әрі ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында облыстық «Қызылжар» орталық мешіті және Облыстық спорт және туризм басқармасы бірлесе отырып, спорттың бес түрінен кең ауқымды жарыс өткізді. Атап айтқанда, қазақ күресі, қол күрес, гір көтеру, тоғыз құмалақ және бестас асықтан қалалық спорт мектеп-интернатынан, орта мектептерден, жетім балалар үйінің жеткіншектері, сондай-ақ аудандардан да спортқа дарынды 100-ге тарта бала  қатысып, өз күштерін сынады.

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы жарысты тамашалауға келген халықты Ораза айт мерекесімен құттықтап, Ораза, Рамазан айы және асыл дініміздің құндылықтары жайлы уағыз айтты. Биылғы «Дін мен дәстүр» жылы аясында діни термелер, ғибратты өлеңдер мен күйлер орындалды. Жарыс соңында жеңімпаздар анықталып, арнайы сый-сыяпаттармен марапатталды.

«Бір ел, бір мақсат, бір мүдде» дегендей Елбасымыз әрқашан да елді бірлікке, ынтымақ пен татулыққа шақырады. Дініміз түрлі болса да, мақсатымыз бір. Осы орайда, өңіріміздегі христиан дінінің өкілдері орталық мешітке келіп, облыс имамымен кездесіп, мерекемен құттықтады. 

Рамазан айы – бірлік, ынтымақ, кешірім мен мейірім айы. Отыз күн бойы оразаларын ұстап, қасиетті айды құлшылықпен өткізген мұсылман адамға сансыз сауаптар жазылады. Осы қасиетті айдан кейінгі Ораза айт мерекесі барша мұсылман қауымының арасында бауырмашылдықты, бірлікті арттырып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, жағдайы нашар отбасыларға қол ұшын созып, көмек көрсетуге тағы бір мүмкіндік тудыратын мереке. Осы орайда, айт мерекесімен құттықтау үшін орталық мешітінің ұжымы облысымыздағы тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балалар үйіне және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балалар үйінде болып, қайырымдылық көрсетті. Игі іс-шара аясында балаларға арнайы дайындалған палау және жеміс-жидек табысталды. Балалар риза болып, аслғыстарын білдірді. 

Осылайша Ораза айт мерекесінің бірінші күні өңірімізде аса нәтижелі өтіп, қазақтың ұлттық киімдерін киген мешіт қызметкерлері барша келген халыққа жіті көңіл бөліп, мерекелік қуаныш сыйлады. Халық дән риза болды. 

«Қызылжар» орталық мешітінің 
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру