Биыл елорда мешіттерінде Рамазанның қуанышын сүйіншілей келетін мүбәрак айт мерекесі ұлттық сипатта тойлана бастады. Алдымен сағат 6:00-6:30 аралығында қала мешіттерінде қасиетті Құран аяттары оқылып, бұдан соң жарты сағат Ораза айты мерекесі жайында уағыз айтылып, айт намазының ерекшеліктері баяндалды.
«Нұр Астана» орталық мешітіне айт намазына жиылған халықтың санында есеп болмады. Себелей жауған жаңбырға қарамастан бұқараның бұл мерекеге деген ықыласының жылдағыдан ерекше екенін байқауға болады. Айт намазынан соң жиылған жұртшылық киіз үйлерде жайылған ақ дастарқаннан дәм татып, көтеріңкі көңіл күйде айт мейрамын бұқара болып тойлатты. Бұл тойда Қарттар үйінен келген қарияларға да құрмет көрсетіліп, көпшілік олардың ақ батасын алды.
Отыз күн тағат-құлшылық пен сабырлылықпен өткен айдың қуанышына айналған мереке мәдени іс-шаралармен жалғасын тапты.
Ата дініміз бен баба дәстүрін сан ғасырлар сабақтастыра өмір сүрген баба ұрпағы бүгін ұлттық спорттық ойындарға қатысып, жарыстарда топ жарды. Балалар арасында да қызықты аламан өтіп, ер жігіттер кір тасын көтеру бойынша сынға түсті. Бұған қоса арқан тартыс, қол күресуден де тартысты сайыстар болды.
Бүгінгі мерекелік шараның өтуіне ұйытқы болған ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы әлмисақтан мұсылман қазақ халқының екі ұлық мерекесі – құрбан айты мен ораза айтын ұлттық сипатта өткізуді қолға алып отырғандықтарын айтты. «Биылғы жылдың Діни басқармамыздың төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін және дәстүр» жылы деп жарияланғаны бұқараға белгілі. Міне, осы атаудың өзі жайдан жай емес. Біз ата дініміз бен баба дәстүрін үйлестіре білген дана халықтың ұрпағымыз. Біздің барлық дерлік дәстүріміз шариғатпен біте қайнасқан. Спорт, салауатты өмір салты – ислам дінінің басты ұстанымы. Денсаулық – аманат. Ал, осынау ұлық мерекеде бас қосып, көрісіп, бір-бірімен қауышып, дастарқандас болу – ниеттес болудың нышаны. Ниеті, тілегі бір халықтың болашағы ешқашан бұлыңғыр болмайды. Тәуелсіз елдің ақ таңында жұртшылық бүгін мәз-мейрам, байқап отырған боларсыздар, есі кірген баладан, еңкейген қарияларға дейін осы мүбәрак мерекенің ортасында жүр. Осының барлығы Алланың қазақ халқына берген шексіз нығметі» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ізгі мерекелік шаралар айт намазынан кейінгі айт дастарқанынан соң сағат 10:00-ға жоспарларғанымен, ұлттық құндылықтарымызды бұқара болып дәріптеуге үндеген бүгінгі той әзірше толастар емес. Алланың жердегі үйіне жиылған жұртшылықтың қуаныштарында шек жоқ. Қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасқан халық айт мерекесінің қуанышына да тоят таппай, ұлттық ойындардың көрігін қыздыра түсуде. Ал, айтулы мерекелік шарада өткен әр сайыстың жүлдегерлеріне "Нұр Астана" орталық мешіті тарапынан арнайы бағалы сыйлықтар да белгіленген.
ummet.kz
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.07.2014
3658
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру