Жуырда Астана әуежайына апарар жолда Пригородный тұрғын алабы маңынан жаңа мешіт жұртшылыққа есігін айқара ашқан болатын.
Бұл мешітке Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен игі жақсылар жиылып, ашылу салтанатына қатысып, ізгі тілек, ыстық ықыластарын білдірген еді. Ораза қарсаңында ел игілігіне берілген құлшылық үйінде ауыз бекіткен халыққа арналып отыз күн бойы ауызашар дастарқаны жайылып, ал мұсылман қауымы осындағы тарауих намаздарына үзбей қатысты.
Ал бүгінгі айт намазына да «Әлжан ана» мешітіне жиылған халықтың қарасы көп болды. Жамағат айт намазынан соң мешіт алаңында ұйымдастырылған ұлттық ойындар, спорт түрлері мен жарыстарға қатысты. Көпшілік асық атудан, қол күресінен, кір тасын көтеруден сынға түсіп, айт дастарқанынан дәм татты.
Мешіттің бас имамы Ермек Мұқатайдың айтуынша, құлшылық үйіне бас сұғатын жамағат саны күн санап артып келеді. «Бүгінгі діни мерекеде, жуырдағы Қадір түнінде босағамызды аттаған бауырларымыздың қатары тіпті көп болып еді. Сол қалыпты сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Үмбеттерімнің көптігімен мақтанамын» деген ғой, иншалла, көп болсақ, шығар асуымыз да биік болады» дейді бас имам. Ол Астанаға ат басын бұрған қонақтар мен сапар шегуші ел азаматтары жол бойындағы өзіндік шығыс стилінде көзді тартатын мешітке қадам басып, Құран оқытып, дұға ететінін де айтты.
Бас имам Ермек Мұқатай тартысты әрі қызықты өткен аламан сайыста топ жарып көзге түскен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табыстап, ұлт құндылығы мен шариғатын дәріптеген барша азаматтарға алғысын білдірді.
ummet.kz
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.07.2014
3187
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру