Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Айт мерекесіндегі айрықша қуаныш

29.07.2014 3092 0 пікір

Берекелі  Рамазан айы да тарих беттеріне өтіп, бүкіл мұсылман әлемі Қасиетті Айт мерекесімен бір-бірін құттықтауда. Елбасы мен Дінбасының құттықтауларымен қуаттанған қарапайым жұртшылық  әлеуметтік желілер арқылы өзара  жаппай ортақ  құттықтаулар жасап жатса, енді бірде бір мәтін бірнеше адамның атынан жекелей келіп жатады.  Бәлкім арнайы құттықтау жазуға уақытымыз тапшы ма, әлде келген құттықтау мәтіні ерекше ұнаған соң ба таныстарымызға шетінен жөнелтіп жатамыз. Ол  мәтін айналып өзіңе қайта келеді. Бірақ оған ренішпен емес, түсіністікпен қараймыз. Өйткені түбінде бір ізгі ниет бар.

Ал, Алматыдағы «Таугүл-3» мешіті ұжымының құттықтауы өзгеше болды. Алдын ала мешітке жазылған өтініштер мен Әуезов ауданы әкімдігінің тізімінде тұрған әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына «айттық» берілді. Қайырымдылық шараларын тек Рамазанмен шектемей Ораза айт  құрметіне де жасаған  мешіттің мерекесіне  30 шақты отбасы ілікті. Одан өзге осы мешітке намазға келіп, жағдайы төмен отбасыларына  азық-түлікпен көмек беріледі дегенді естіп, Алматы қаласына көршілес аудандағы таныстарына да «сыбаға» алушылар келіпті. Біз де қайырымдылық шарасына іліккен жандардың бірнешеуін сөзге тартып көрдік.

Клара БЕЙСЕБАЕВА  зейнеткер: Бұның өзі біраз көмек. Отбасымыз үлкен, балаларымыз жұмыссыз. Бірде бар, бірде жоқ. Рахмет... бірінші Аллаға рахмет, екінші осындай азық-түлік беріп жатқан  мешіт ұжымына... Осындлай мешітіміз көбейе берсін. Елімізге амандық, барлықтарыңызға денсаулық тілеймін. Бұл бізге кәдімгідей көмек.

Мая ҚЫДЫРБАЕВА : Осы  Әуезов ауданында тұрамын. 4 балам бар, біреуі мүгедек, жолдасым қайтыс болған. «Таугүл-3» мешіті үнемі көмектесіп тұрады. Бір кезде оқу жылына қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Енді міне азық-түлік...Бұл да болса  көпбалалы және  жалғыз басты аналар үшін өте үлкен көмек. Сауаптан жазсын, мешітке көмектескен адамдардың да садақалары қабыл болсын. Көп рахмет.

Ақбала 32 жаста: Күйеуім бірінші топтағы мүгедек. Екі баламыз бар. Өзім сәбимен үйде жұмыссыз болған соң, кішкене болса да көмек болса екен деп, өткенде мешітке өтініш тастап кеткенбіз. Алла разы болсын, сауаптан жазсын бізге берген көмектеріне.

Мұхаббат 24 жаста: Айт намазына келіп, осы қайырымдылық шарасы туралы естіп қуанып кеттім.  Шелекте тұратын 5 балалы отбасын білетін едім. Олардың кішкентай 4 жастағы сәбиі өткен жылы қазан тазалайтын қышқылды ішіп қойған. Содан бір жылдан бері шиедей болып, сол баласын емдетіп жатыр. Апта сайын Алматыға әкеледі. Жағдайлары тіпті нашарлап кетті. Баспаналары да жоқ. Біз соларға сеп  болсын деп, осы мешіттің берген көмегін таныстар арқылы беріп жібермекпіз. 

Ия, көмекке мұқтаж әр отбасының тағдыры әрқилы. Аз да болса азық-түлікпен жасалған көмектің олардың отбасында қазан қайнап, шүкіршілік айтуына себеп болары сөзсіз. Ал мешіт ұжымы атынан наиб имам Ермек КӨКІРЕКБАЕВ жиылған жұртпен Алладан тілек тілеп, еліміздегі тыныштыққа шүкіршілік айтты. Ал оларға алғысын жаудырған жиылған жұрт болса, мұқтаждар азайып, жомарттардың дәулеті асып, еліміздің берекесін тілеп отырған  мешіттер көбейуін тілеп, бата жасады.

Айша КЕҢЕСБАЙ 
журналист

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру