Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Естен кетпес – Қадір түні

26.07.2014 3980 0 пікір

«Қасиеті мың айдан артық», – деп, Құранда сүйіншіленген Қадір түнін  Алматыдағы «Таугүл-3» мешітінің жамағаты ерекше ықылас-дайындықпен атап өтті. Ауызашар сәтінен басталып кеткен қасиетті кештің құрметті қонақтары "Қазақ саңыраулар мен мылқаулар қоғамының" мүшелері болды. Осымен бірнеше ауызашарға келген олардың көздерінен ерекше қуанышты байқауға болады. Өйткені оларға өзге миссионерлік діни ағымдар Ислам дінін теріс мағынада түсіндіріп баққанға ұқсайды. Құрандағы Бақара сүресінің, 18 аятында: «...Олар саңырау, мылқау, соқыр, сондықтан азғындаған бетінен қайтпайды...», - деген, мағынадағы кәпірлерге қатысты айтылған аяттарды алға тартып, бұл сіздер жайлы айтылған, Сіздерге Исламға, Аллаға  жол жоқ, Иегова сендерді жарылқаушы» деп  адастырып келген. Ал мешітке келіп, ауызашарларға қатысып, Алла жайлы ақиқатты білген олардың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті араларында намазға бет бұра бастағандары бар. Бұл да болса имамдардың ерен еңбегі екені даусыз. Ал «Таугүл-3» мешітінің Қадір түніндегі ерекше еңбекетріне тоқталсақ. Ең әуелі дәл осы күні Құран хатымының толық аяқталып, жиылған жұрттың хатым батасына қатысуының өзі ұтымды жоспарларының бірі деуге болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Қадір түнін Рамазанның соңғы он күндігінен, әсіресе тақ күндерінен іздеңдер дегені белгілі. Яғни, Қадір түні басқа кештерге сәйкес келген сәтте де, жамағаттың тілек-дұғалары қайтарылмайтыны белгілі. Өйткені, толық Құран оқылып, аяқталған жерге  мыңдаған періштелер жиылып, тілеген тілектерге куә болатындығы жайлы шынайы иман келтірген жамағат өте жақсы біледі. Сондықтан Қадір түні деп «Таугүл-3» мешітіне ағылған елдің жайған алақандары бос қайтпағаны ақиқат. Ал бәрінен де бір айға созылған «Ізгілікке жарысу» сайысының жеңімпаздарының қуанышында шек жоқ. Бәйгеге қатысушы күніне:

  1. Құраннан 1 пара қазақша мағынасымен оқу,
  2. Таң, Құптан намаздарын мешітте жамағатпен оқу,
  3. Тарауых намазын 20 ракағат жамағатпен оқу,
  4. Отбасына бір аят, бір хадис насихатпен үйрету,
  5. Алла үйі, мешітке ізгілік істеріне қатысу,
  6. Бір құрма болса да садақа беру, - осы талаптарды жүзеге асыруы тиіс.

Ықыласты әрекеттерімен жамағатта жұлдызы жарқыраған Жандарбек Жақсанов Бас Мүфтидың теңдессіз сыйлығына ие болды. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сыйлығы Қасиетті Меккеге умра қажылығына жолдаманы ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат ОҢҒАРОВ арнайы келіп тапсырды. Ал, бірінші жүлделі орын Рустам ЖАННАЗАРОВ,  екінші орын  Бауыржан БАКИРОВ, ал Ербол БЕКТІБАЕВ үшінші орынды қанағат тұтты. Әрине, басты сыйлық Алланың разылығы екенін айтқан мешіттің бас имамы Нұржан ТАЛАСҰЛЫ жақсылықта жарысқан ізгі жандардың барлығына алғысын білдірді де: «Денсаулығындағы қиындықтарға қарамастан күнделікті 5 уақыт намазды Алла үйіне келіп оқуға ұмтылатын  «Мешітіміздің құсы» Абдулла ЖАНСЕИТОВТІ жамағат атынан ерекше құрмет білдіріп,  қосаяқты арбаны сыйға тартамыз», - деді де,  Абдулланы 360 мың теңгелік электронды арбаға отырғызды. Қуаныштан қатты толқыған 24 жастағы Абдулланың жүзінен ұялу да байқалады. Бәлкім тосын сый болды ма, әлде мешітке келіп намаз оқу әр мұсылманның парызы ғой деген қарапайымдылығы ма кім білсін?!. Дегенмен, Аллаға деген алғысын құлшылық арқылы білдірген Абдулланың өмірі дені сау бола тұра Раббысын танымаған кез-келген адамға өнеге деуге болады. Ал, еліміздегі бүкіл мұсылман қауымы ҚМДБ  аясында бірлікте болғанда ғана ата дініміздің мерейі үстем, мемлекетіміздің болашағы баянды болатынын айтқан  Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Жапарқұл мырзаның жүрекжарды ықылас-тілегі Қадір түніне жиылған қауымның жауапкершілігін арттыра түскендей. Осылайша әр сағат, минуты жоспарлы түрде ұйымдастырыған мешіт қызметкерлері негізгі мәселелерден кейін  сұрақ-жауап сайысын бастап кетті. Ақида, Фиқх, Құран, Пайғамбарымыздың (с.а.у) өмірін қамтыған сауалдар көпшіліктің санасын бір серпілтіп тастағандай. Ал жауап берген жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді. 

Ал, осы жағдайлардың барлығын мешіттің іші, сырты, әйелдер бөліміне де қойылған үлкен экрандардан   көрсетіліп жатты. Арасында арнайы бейнероликтер қойылды. Оны әсіресе намазға енді ниет етіп, мешітке тілек тілеуге келген ағайындардың таңдана тамашалап отырғанын байқадық. Ал мешіт асханасында бірлікпен таңғы сәресін де әзірлеп жатқан аспазшылардың де еңбегі ерекше.  Жамағатпен жаппай тахажуд намазы да оқылып, еркін құлшылыққа да уақыт қалдырылды. Осылайша сәресі уақытысы келгенде барлығы тамақтанып, әлденіп  ауыздарын бекітті.

Таң намазын оқып, мешіттегі бүкіл шаруаға жұдырықтай жұмылған жамағатты көргенде барлығы берекелі бірлікте тәрбиеленген бір үйдің баласы ма деп те қаласыз.  Бірлігі мығым  жамағатты ма, әлде Қасиетті Қадір түніне деген ықыластары ма, жалпы жұртшылық таң бозара бастағанда мешітті қимай  бара жатқандай. Расында, жамағатты жақсылықта жарысуға ұйытқы болып, бірлікке жұмылдырған мешіттеріміз көбейсе дініміздің де өркен жайып, салтанат құрары сөзсіз.  

Айша КЕҢЕСБАЙ 
журналист

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру