Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қадір түніне орай өтілген іс-шаралар

25.07.2014 3430 0 пікір

Қасиетті Рамазан айының Қадір түнін облысымыздағы барлық  мешіттер арнайы жоспар арқылы үлкен салтанатпен қарсы алып, шығарып салды. Бұл түнді мешіт жамағаттарының көбі мешіттерде өткізіп, таң рауандап атқанға дейін білімді имамдар, дінтанушылар тарапынан  айтылған уағыздарды тыңдап, әлемдердің Жаратушы Жаббар Иеміздің берген сансыз нығметтеріне шүкіршілік айтып, намаз оқып, дүға-тілектер жасалды. Раббысына деген құлдық сезімдерін арттырып, мешіттерде жүргізілген әртүрлі рухани іс-шараларға белсене қатысты. Сонымен қатар, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылуға  талаптанды. Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманын күшейтті.

Қасиетті түннің құрметіне орай облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан 300 адамға ауызашар беріліп, Қадір түнін мешітте құлшылық жасап өткізген барлық жамағатқа сәресі асы да толығымен ұйымдастырылды.

Осы түні қала, аудан мешіттерінде құлшылық – ғибадаттармен қоса жамағат арасына сұрақ-жауап, иләһи ойын-сауықтар қатарлы имандылық тақырыбында өзара шағын жарыс-сайыстар да ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қадір түні мешіттердегі  тарауих намазында да қасиетті Құран Кәрімның 30 парасы толығымен хатым етіліп, Хатым дұғасы жасалынып, ай бойы жамағаттың алдында тарауық намазын жүргізген Түркия елінен келген қариларға  «Мәшһүр Жүсіп»мешіті, қалалық «Ақмешіт», «Ғазиз», «Бижан», «Әбу Бәкір Сыддық»  және  Екібастұз, Ақсу қалалық мешіт имамдары мен жамағаты сый-сияпаттар жасап, қазақы жолымен иықтарына шапан жауып, алғыс-баталарын берді.

Қасиетті Рамазан айында мұсылман қауымының жасаған ғибадат құлшылықтарын арттыра түсу, мешіт жамағатын діни білім алуға жұмылдыру, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) – ның ғибратты ғұмырын үлгі өнеге ету, Алла Елшісі (с.ғ.с) өсиет еткен хадистерді жетік меңгеріп, оларды күнделікті өмірімізде басшылыққа алу мақсатында Павлодар облысы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті Қадір түнінің құрметіне орай «Қырық хадис» тақырыбында мешіт жамағаттары арасына хадис білгірлері сайысын ұйымдастырып өткізді. Қатысушылар ортасынан мешіт жамағаты Махамбет Асқарұлы, Алтай Қыдырбек, Қасым Қабдурашитұлы қатарлы азаматтар білімі мен біліктілігі арқылы алғашқы орындарды иеленіп мақтау грамоталарымен қоса  30 мың, 20 мың, 10 мың сомның көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталып, сайысқа қатысушы барлық адамдарға «Алғыс хат»  естелік сыйлықтар  табыс етілді.

Қадір кешінің  құрметіне орай қала, аудан, ауыл мешіттерінде әртүрлі қайрымдылық шаралары ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж жандар мен отбасыларға азық-түлік, киім-кешекпен көмектер жасалды. Мұндай шаралар Екібастұз, Ақсу қалалары мен қалалық «Ақмешіт» мешіті, Лебяжі, Қашыр, Баянауыл ауданы мешіттері және Майқайың кенті мешіттерінде басқа әріптестерінен  озық  ұйымдастырылды. Сонымен қатар орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, Ақсу  қалалық мешіттерінің дініи сауат ашу  курсының әйел шәкірттері қасиетті Құран Кәрімді толығымен хатим етіп, дұға жасады.

Қасиетті Қадір түні  тәубеге келіп, ықыласты түрде  жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артқан адам баласын Тәңірінің жасыл бақтары бар жұмағына жетелейтін рақым жолы. Лайым, осы жол – барша адамзатқа нәсіп болғай!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру