Жыл сайын Рамазан айында Маңғыстау облысы әкімінің өз атынан облыс тұрғындарына ауызашар ұйымдастыруы қалыптасқан үрдіске айналған. Биыл да осы іс жалғасын тауып, Қадір түні қарсаңында облыс әкімі Алик Айдарбаев орталық Бекет ата мешітінің ауласына 7 киіз үй тігіп, мұсылман жамағатына ауызашар берді.
Облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов бастаған бір топ мемлекеттік орган басшылары, ардагерлер алқасы, облыс мешіттерінің имамдары, қоғамдық бірлестік басшылары, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі жандар ауызашар дастарханында қонақта болды .
Шамамен 600-ге жуық адам оразаларын ашып, өкіл имам С.Сейтбековтің рамазан айының қадір қасиеті жайында уағыз насихатын тыңдады.
Облыс әкімінің орынбасары Ә.Шөжеғұлов мұсылман жамағатына арнап сөз сөйлеп, оразаларының қабыл болуын, қасиетті айда адамдар арасында мейірімділік пен төзімділік, береке -бірліктің арта түсетінін айтты.
«Елбасымыздың: «Адамның жан дүниесінің тазалығы мен діни сенімі бір-бірімен тығыз байланысып, қатар жүретіні хақ» дегені бар. Ендеше адамды тазалыққа, қоғамды рухани келісім мен тұтастыққа, сабырлыққа шақыратын сауапты да салауатты Рамазан айының маңызы сөзсіз аса жоғары. Алла тағала айлардан – Рамазанды, күндерден – жұманы қасиетті етсе, түндерден – «Қадір түнін» қасиетті етті. Сондықтан баршаңызды мүбәрак түннің келуімен құттықтаймын. Рамазан айында және бүгінгі қасиетті «Қадыр түнінде» жасаған құлшылықтарымыз бен дұға-тілектеріміз қабыл болсын»,- деді облыс әкімінің орынбасары.
Өкіл имам С.Сейтбеков Рамазан айындағы жасалатын жақсылықтардың сауабын айта келе, облыс әкімінің орынбасарына Құран Кәрим сыйлады.
Отырыста ақсақалдар Ислам діні жайлы әңгімелер айтып, өңірге белгілі ақын, ардақты ардагер Сайын Назарбекұлы имандылық турасында өлеңін оқыды. Ауызашар отырысының соңында мешіт ақсақалы Лепес қажы Исаев елімізде бірлік туының жығылмауын, ел тәуелсіздігінің баянды болуын тілеп, бата жасады.
Маңғыстау облыстық
орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.07.2014
3546
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру